5 қабатты жаңа үй облыс орталығының оңтүстік-батыс тұрғын үй массивіндегі 6 шағын ауданда орналасқан. Жобаның жалпы құны 860 млн теңгеден асады. Барлық аумағы абаттандырылған, серуендеуге арналған, және балалар ойын алаңы бар.
Жаңа баспанаға ие болғандар қатарында халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарының өкілдері, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар. Көптен күткен пәтер кілттерін қолына алған тұрғындар қуанышын жасырмай бір-біріне құттықтау тілектерін білдіріп, жаңа баспанаға шашу шашты.
Қоныстой қуанышына кенелген азаматтардың бірі Арнұр Серікұлы өз әсерін бөлісіп:
- Мен кезекте 7 жылдай тұрдым. Отбасым бар, 2 бала тәрбиелеп отырмыз. Бүгін «Шаңырақ» бағдарламасының арқасында 2 бөлмелі пәтер алып отырмын. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесінде осындай жақсылыққа жетіп отырғанымызға қуаныштымын, енді өз баспанам бар. Барлық тұрғын үй алған азаматтарды қос мерекесімен шын жүректен құттықтаймын,- деді ол.
Жалпы бұл тұрғын үйдің құрылысы 2020 жылдың мамыр айында басталған болатын. Үйдің жалпы алаңы 5106 шаршы метрден асады. Бас мердігер – «ЦА НИПИ ТрансНефть».