«Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» атты «Буккроссинг» жобасының салтанатты түрде ашылу шарасы Жастар паркіндегі М.Мақатаев ескерткіші алдында өтті.
Аталған шараны Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев ашып, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған «Буккроссинг" жобасының маңызы мен мәні жайында айтып өтті.
–«Жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек», деп Елбасымыз айтқандай, сананы жаңғыртумен қатар ішкі жан дүниені өзгертуді әркім өзінен бастауы қажет. Бұл жерде кітаптың да әсері мол. Себебі, кітап оқуды қойған адам – ойлауды да қояды. Сондықтан қаламыздың халық көп жиналатын орындарында кітап сөрелері жасалып, оған әлем және қазақ әдебиеті классиктерінің еңбектері мен балалар әдебиетіне қатысты кітаптар қойылып отыр. Кез-келген оқырман осы кітап сөрелерінен өзін қызықтыратын оқулықтарды тегін алып, оқуына, сонымен қатар ұнатқан кітабын жеке кітапханаларындағы кітаппен алмастыруларына болады.
Кітапқа оңай қол жеткізу мақсатында әзірге қаламызда Арбат бойында, Жастар паркінде және Қаратал өзенінің жағалауында көшпелі кітапхана орналастырылылады. Ал ұсынылған кітап саны 600-ге жуық, – деді Айдар Карбозұлы.
Осындай жылы сөзден кейін «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін мен «Кәсіпкер» журналының бас директоры Гүлжиян Сүлейменова ашылу салтанатының лентасын қиып, жобаға қолдау білдірді.
«Алаш» сыйлығының иегері, ақын Әміре Әрін аталған жобаның жас ұрпақтың келешегі үшін үлкен мәнге ие екендігін айтты. «Қай заманда да, қай мемлекетте де білімді адам – қоғамның қозғаушысы болған. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айтқаны бар: «Даңқты ата-бабаларымыз мыңдаған жыл бойы ұлы Еуразия кеңістігінде өркениеттің интеграторы болған». Ұланғайыр даламызда әлемдегі ең алғашқы әліпби пайда болған. Тарихи тастардағы бітік жазуы – соның куәсі. Әлбетте, бұл шараға ұжым болып, ауыл-аймақ болып атсалысуымыз қажет», – дей келе ол жобаға деген шын ризашылығын білдірді.
Ал «Кәсіпкер» журналының бас директоры Гүлжиян Мағданқызы ұрпаққа қалдырар ең үлкен мұра – кітап екендігін, өткеннің рухы, келешектің кілті, мәдениеттің биік шыңы да осы кітапта жатқандығын айтып, жастарды кітап оқуға, сол арқылы білімдерін жетілдіруге шақырды.
Кітап алмасу шарасы аясында облыстық «Жетісу» газетінің жас тілшілері Еңлік Бауыржан, Айдар Қалиев, Мұхтар Күмісбек жырдан шашу шашты.
Кітап оқуға тартудың керемет тәсілі болып табылатын «Буккроссинг» акциясы осыған дейін еліміздің әр аймағында жүзеге асырылып, елдің қызығушылығын оятқан болатын. Талдықалада бастау алған жоба да халықтың кітапқа деген сүйсіпеншілігін арттырып, қаламызда кітапқұмарлар саны көбейе түседі деп сенеміз.