Талдықорғанда Жаңа жыл қарсаңында болған жарылыстан Бекпаевтар отбасы қаза тауып, олардың артында үш бала қалды. Қайғыдан қан жұтқан отбасы мүшелері билік тарапынан нақты көмек көрмегендерін айтып, кінәлілер амнистия арқылы жазадан босап кете ме деп алаңдап отыр,- деп хабарлайды Dalanews.kz "Newtimes.kz"-ке сілтеме жасап.
Жарылыс 31 желтоқсан күні орын алған. Оқиға орнында Ерлан және Дания Бекпаевтар көз жұмды, ал олардың 16 жастағы ұлы Асан ауруханада үш айдан кейін қайтыс болды. Асан спортпен айналысып, футбол ойнаған және мектепте белсенді болған.
Аман қалғандар мектеп жасындағы екі қыз бала және үлкен ұлдары, 22 жастағы Ернұр. Қазір Ернұр мұрагерлік құжаттарды рәсімдеумен айналысып жүр. Туыстарының айтуынша, оған ата-анасынан құны шамамен 9 миллион теңге болатын пәтермен бірге 20 миллион теңгеден астам несие мұраға қалды. Бұл несиелер марқұм ата-анасының атына рәсімделген.

Туыстары Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевқа көмек сұрап барған. Алайда олардың айтуынша, әкім жағдайға немқұрайлы қарап, тіпті мысқылдаған:
"Ол күліп тұрып: “Әкелерің несиені тым көп алған ғой, бірақ біз қазақпыз ғой” деп жауап берді", – дейді туыстары.
Олар нақты көмек орнына тек азық-түлік себеті мен мектеп формасын ұсынғанын айтады.
"Бізге бірнеше рет "700 мың теңге алдыңдар" деп айтты. Бұл ақшаны әкім өз қалтасынан бергендей. Ол – мемлекеттің қаражаты. Ал әкімдік тарапынан еш көмек болмады. Олар бізге көмектескісі келмейді. Себебі олар жарылысқа қатысты жауапкершіліктен құтылғысы келетін сияқты", – дейді туыстары.
Kaspi, Home Credit және Отбасы банкі отбасына қарызды өтеуді 6 айға кейінге қалдыруға ғана келісім берген.
Трагедиядан кейін Ернұр мұғалім болып жұмысын жалғастыруға тырысқан, бірақ ата-анасы мен інісінен айырылған соң, психологиялық ауыртпалыққа шыдай алмай, жұмыстан кетуге мәжбүр болған. Туыстарының айтуынша, әлеуметтік қызметтер оның бұл әрекетіне наразы болып, «жұмысты тастауға хақың жоқ» деп қысым жасаған.

Марқұм Ерлан Бекпаев агросекторда ұзақ жылдар еңбек еткен, қант қызылшасы, соя, жүгері егістігімен айналысқан. Ал Дания Бекпаева денсаулық сақтау саласында 30 жылға жуық жұмыс істеген. Туыстары олардың еңбегі ескерусіз қалып отырғанын айтады.
Қазір отбасы аман қалған балаларға тұрақты баспана берілсе деген өтінішпен билікке жүгінуде. Олар әлеуметтік желіде ақша жинауды ар санап, ондай жолға жүгінгілері келмейтінін айтты.
Оған қоса, туыстары жарылысқа кінәлі тұлғалар амнистия бойынша мерзімінен бұрын босап кетуі мүмкін деп қауіптенеді. Оқиғаның ресми себебі әлі жарияланған жоқ, бірақ отбасы жарылысқа мешітке апаратын газ магистралі себеп болуы мүмкін деп санайды. Бұл мешіт Болат Назарбаевтың атымен байланысты.