Жаңа кәсіпорынды ашу облыс әкімі Амандық Баталовтың биылғы жылдың ақпан айында «Asyl Analar» қоғамдық қорының өкілдерімен кездесуінде айтылған ұсыныстың негізінде қолға алынып, кездесудің нәтижелі болғанын көрсетіп отыр.
Сол кездесуде облыс әкімі көп балалы аналарға тігін цехын ашуға, оған керекті орын тауып беруге, тігін машиналарын және басқа да қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға көмектесетінін айтқан болатын. Соған орай бүгін тігін цехы жұмысын бастап, бірінші тапсырысын орындауға кірісті.

Мамандарды оқыту мен олардың біліктілігін арттыру мәселесі де шешілген. Қазір цехтың болашақ 12 тігіншісі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тігін ісінің қысқа курсында оқып жатыр. Бүгінгі күні қажетті біліктілігі бар 5 тігінші шағын фабрикада өз жұмысын бастады.
– Өзіміз сияқты аз қамтылған және көп балалы аналарды жұмыспен қамту үшін тігін цехын ашу туралы ой келгенде, біз көмекке облыс әкімі Амандық Баталовқа жүгіндік. Кездесудің нәтижесінде бізге барлық тиісті көмек көрсетілді. Бүгін арманымыз ақиқатқа айналып, тігін цехы іске қосылды. Біз бірінші кезекте көп балалы аналарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтимыз, екіншіден көмекке мұқтаж азаматтарға көмек көрсетеміз. Бізге қолдау көрсетіп, сенім артқандары үшін шын жүректен ризамыз. Ісімізді дөңгелентіп, өзгелерге үлгі боламыз деп ойлаймын, – деді «Asyl Analar» қорының құрылтайшыларының бірі Талшын Туктынова.
Цехтың құрылу тарихы мен өздерінің жоспарлары жайлы аталмыш қоғамдық ұйым құрылайшыларының бірі Айгүл Жоламанова да айтып берді:

Жас маман Айгерім Асанова осы цехтан жұмыс тауып, қуанышқа кенелгендердің бірі.
– Ең алдымен «Asyl Analar» қоғамдық қорын көп балалы аналар үшін тігін цехын ашуымен құттықтаймын. Алғашқы еңбек жолымды осы цехтан бастау бақыты бұйырғанына қуаныштымын. Мен бұған дейін жұмыс істеген жоқпын, балаларымды бағып-қағып, тәрбиелеумен айналыстым. 4 ұлым бар. Үлкенім 12 жаста. Кішкентайым 2 жасқа толды. Жалғызбасты анамын. Тігін өнерін мектепті бітіре сала меңгеріп алдым. Енді сол білімімді іс жүзінде пайдаға асырамын, – деді көп балалы ана А.Асанова.