“Талай рет жала жабылған”. Айгүл Орынбек өзіне қатысты ақпаратқа жауап қатты

Қаракөз Амантай 30 қаз. 2024 10:52 1896

Белгілі заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек бұған дейін де өзіне жалған айыптар тағылғанын, алайда қылмыстық негізі болмаған соң істердің жабылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айтуынша, мұндай жағдай бірнеше рет қайталанған.

“Сыбайлас жемқорлықпен күрес жолында кедергілер мен жала жабу болады.

Жемқорлар мен сыбайласқандар қылмыстары ашылмас үшін бәріне баратыны белгілі емес пе?!

Қоғам белсендісі болған күннен бастап, маған жаламен қаншама қылмыстық іс ашылып, қылмыстың құрамы болмаған соң жабылған.

Шыны керек басымнан өтіп жатқан қылмыстық  істердің, соттардың  бірде біреуін халықпен бөліспегем”, - деп жазды заңгер әлеуметтік желідегі парақшасында.

Осы тұста ол қолдап жатқан халыққа алығысын айтып, жемқорлықпен күресуін жалғастыра беретінін жеткізді.

“Ел алдында жүрген соң, әр ашылған іске сорам ағып жылап жүрсем, халықтың болашаққа деген үміті үзіледі  емес пе?

Мен жасаған әрбір іс-әрекетім заңды екеніне  нық сенімдімін!

Реформа болу үшін әрекет болу керек, ол әрекеттер кедергісіз болмайды.

Осыншама халықтың, мені қолдағанын  оқып қуанып отырмын.  

Мені қолдауға  жиналудың қажеті жоқ, менде бәрі жақсы.

Арқамда мен үшін жиналатын бір қауым ел барына көздерің жетті ме?!

Маған қатысты заңсыз іс -әрекет жасағандар, аяғымнан шалғысы келгендер, жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауап бересіңдер!

Өмір -күрес, күрес ары қарай жалғасады!”, - деді ол.

Айта кетейік, кеше Шымкентте блогер Айгүл Орынбек ұсталды деген ақпарат тарады. Бұл туралы журналист Михаил Козачков жазды.

"Ол "Алаяқтық", "Сотқа дейінгі іс жүргізу деректерін жария ету" және "Сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі жасау" баптары бойынша тіркелген қылмыстық іс шеңберінде күдікке ілінді", - деп жазды ол.

Айгүл Орынбек - заңгер, Ұлттық құрылтай мүшесі, Қазақстан президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңес мүшесі. Сонымен қатар, кәсіпкер ретінде де белгілі. Ол қоғамдағы даулы жайттарға үнемі пікір білдіріп келеді. 

Еске салайық, күні кеше ол Шымкент қаласының Спорт басқармасын сынап, Facebook әлеуметтік желісінде жазба жариялаған еді.

“Шымкент қаласы әкімдігі Спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков , 7 қазан күні мәслихат депутаттарының алдында “Ордабасы командасының легионерлеріне гонорарға”,  деп 1 миллиардттан астам қаражат сұраған.

Спорт басқармасының сатып алу порталында қыркүйек айында 893 млн. теңге қаражатқа бір көзден мемлекеттік сатып алу жарияланып, қорытынды шыққан.

Одан бөлек,  жыл соңына  екі ай қалғанда тағы 1 млрд. астам қаражат не мақсатта сұрап отырсыз Маратбек мырза?

Осындай соммалар бір көзден берілгені қаншалықты заңды? Жыл басында Ордабасыға бөлінген 5 млрд нелеріңе жетпей жатыр Шымкент қаласы әкімдігі? Оның барлығы қайда кетіп жатыр? Мәслихат депутаттары ақша сұраса неге бере бересіздер?”, - деп жазды заңгер.

Осы тұста ол ҚР Бас прокуратурасы  Президенттің тапсырмасын орындамайтын басшыларды тергеп тексеруді  сұрайтынын жеткізді.

“Министр Ербол Мырзабосынов! Сізді спорт саласын тазалауға келгеніңізді білемін. Біздің Шымкент қаласына көңіл бөлуіңізді сұраймын. Былтырдан бері дәл осы спорт басқармасы жыл бітуіне екі ай қалғанда үлкен соммаларды футболистерге бөлетіні өте күдік тудырады.

2023 жылы бітуіне 2 ай қалғанда 500 миллион теңге, биылғы жыл бітуіне 2 ай қалғанда бөлінген 1 миллиард қаражат тағдырын еліміздің Бас прокуратурасы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті  тексеруін сұраймын!”, - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар