Тәжікстанның құқыққорғау органдары Таяу Шығыстағы әскери қимылдарға қатысқан 516 тұрғынның кімдер екенін біледі. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның облыс белсенділерімен кездесуінде мәлімдегендей, бұл ақпараттар 2014 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі аралықты қамтиды. "Тізімдегі 164 адам тұтқындалған, ал 24-і еліне қайтарылған".
Тәжікстан президенті Хатлон облысындағы қылмыс деңгейіне ерекше алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, соңғы тоғыз жылда және биылғы алты айда облыс аумағында 40 мың қылмыс тіркелген, олардың 8 мыңға жуығы - ауыр қылмыстар.
Президент құқыққорғау органдарынан қылмыс деңгейін төмендетуді, әсіресе халықтың экстремистік топтардың ықпалына түсіп кетуін доғаруды талап етті.
Тәжік жастарының Сириядағы, Ирактағы және көршілес Ауғанстандағы соғыстарға араласуы - Душанбе билігінің соңғы жылдардағы бас ауруына айналды. Тәжікстан билігі 1100 тұрғынның экстремистік "Ислам мемлекеті" ұйымына кіріп кеткенін мәлімдеді. Бұған қоса, 300 адам Таяу Шығыстағы соғыстарда қаза тапқаны хабарланды. Билік бұны қауіпті үрдіс деп есептейді.
Тәжікстан билігі Сирия мен Ирактан өз еркімен оралып, билікке берілген адамдарға рақымшылық жариялады. Билік "Ислам мемлекеті" және басқа да экстремистік топтар құрамында Сирия мен Иракта соғысып жүрген тәжіктердің тізімін Интерполға іздеуге берді.