Таиландта туристің чемоданынан 17 жастағы қыздың денесі табылды

Таиландта туристің чемоданынан 17 жастағы қыздың денесі табылды
ашық дереккөзден

Таиланд полициясы Бангкоктағы Суварнабхуми халықаралық әуежайында елден кетпек болған Австралия азаматын ұстады. Ол 17 жастағы қыздың өліміне қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, 46 жастағы Саймон Керман Паттайя қаласында жергілікті бойжеткенмен танысқан. Біраз уақыттан кейін қыз із-түзсіз жоғалып кеткен.

Тергеу барысында бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелді. Кадрлардан ер адамның таңға жуық қызбен бірге қонақүйге кіргені көрінеді. Ал сол күні кешке ол ғимараттан көлемді қара чемоданды сүйреп шыққан.

Жазбада ер адамның чемоданды мотоциклге жеткізіп, оны көлікке бекітуге ұзақ уақыт жұмсағаны байқалады. Шамамен 20 минуттан кейін ол қонақүйге қолында ештеңесіз қайтып келген.

Қыздың достары онымен байланыса алмағаннан кейін полицияға жүгінген. Кейін теміржол маңынан оның денесі салынған чемодан табылды.

Күдікті өз кінәсін мойындаған жоқ. Оның айтуынша, қыз ер адам ұйықтап жатқан кезде қонақүй бөлмесінен шығып кеткен.

Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, олардың арасында ақшаға байланысты жанжал шығуы мүмкін. Қонақүй бөлмесінен төбелес іздері табылған. Сондай-ақ күдіктінің беті мен мойнынан тырналған іздер анықталған.

Полиция бұл жарақаттар қыздың қарсылық көрсеткенін білдіруі мүмкін деп болжап отыр. Ал Австралия азаматы оларды өрмекші шаққаннан қалған іздер деп түсіндірген.

Күдіктінің бейнебақылау камераларындағы жазбаларға қатысты не айтқаны әзірге белгісіз. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады.