Жуырда Халықаралық валюта қоры — International Monetary Fund әлемдік инфляцияның үдеп бара жатқанын ескертіп, Таяу Шығыстағы қақтығыс 2027 жылға дейін созылса, жаһандық экономика үшін «әлдеқайда ауыр салдарға» алып келуі мүмкін екенін мәлімдеді., деп хабарлайды dalanews.kz.
Таяу Шығыстағы ұзаққа созылған эскалация Қазақстан экономикасына қазірдің өзінде қалай әсер етіп жатыр? Ел үшін қандай қауіптер мен мүмкіндіктер пайда болуда? Бұл туралы Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналина айтып берді.
Сарапшының сөзінше, Таяу Шығыстағы қақтығыс Қазақстанға өңірмен тікелей сауда арқылы емес, жаһандық макроэкономикалық арналар арқылы әсер етеді. Атап айтқанда, мұнай бағасы, экспорт бағыттары, инфляция, теңге бағамы, инвестициялық күтулер мен логистика ықпал етеді.
«Бір қарағанда, шиеленістің күшеюі мұнай экспорттаушы ел ретінде Қазақстан үшін тиімді көрінеді. Brent маркалы мұнай бағасының өсуі экспорт кірісін, бюджетті, Ұлттық қорды және ішінара теңге бағамын қолдайды. Алайда бұл әсердің тек ең көзге көрінетін бөлігі ғана», – дейді Жаналина.
Оның пікірінше, Қазақстан үшін үш фактор аса маңызды: мұнай бағасы, экспорт көлемі және логистика құны. Егер мұнай қымбаттағанымен, жеткізілім көлемі қысқарса, тасымал шығындары өссе немесе маршруттарға шектеу қойылса, экономика үшін оң әсер тез азаяды.
Қаржыгер мысал ретінде экспорт көлемі 10%-ға қысқарса, экспорттық табысты бұрынғы деңгейде сақтау үшін мұнай бағасы шамамен 11%-ға өсуі қажет екенін айтады. Ал көлем 15%-ға азайса, баға кемінде 18%-ға көтерілуі керек. Көрсеткіш 20%-ға дейін төмендесе, өсім одан да жоғары болуы қажет болады.
Сарапшының айтуынша, Қазақстан үшін Brent бағасының өзі ғана емес, мұнайды қандай бағытпен, қандай көлемде және қандай netback-пен — яғни тасымал шығындарынан кейінгі таза бағамен экспорттай алатыны маңызды.
«КҚК мен Атырау–Самара бағыты бойынша болған іркілістер логистикалық мәселенің өндіріс, экспорт және валюталық түсім мәселесіне қаншалықты тез айналатынын көрсетті», – дейді ол.
Жаналинаның сөзінше, тағы бір үлкен қауіп — инфляция. Ұзаққа созылған қақтығыс әлемде энергия тасымалдаушыларының, азық-түліктің және импорттық тауарлардың бағасын жоғары деңгейде ұстап тұруы мүмкін. Сонымен қатар логистика, жеткізу және сақтандыру шығындары да өседі. Бұл Қазақстан үшін импортталатын инфляция қаупін күшейтеді.
Сонымен бірге елдегі инфляция тек сыртқы факторлардан қалыптаспайды.
«2026 жылдың сәуірінде Қазақстандағы жылдық инфляция 10,6% болды. Азық-түлік тауарлары 11,3%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,7%-ға, қызметтер 8,9%-ға қымбаттады. Мұндай жағдайда Таяу Шығыстағы ахуал Ұлттық банк үшін қосымша инфляциялық тәуекелге айналып, ақша-несие саясатын жұмсарту мүмкіндігін шектейді», – деп түсіндірді сарапшы.
Оның айтуынша, геосаяси тұрақсыздық кезеңінде инвесторлардың тәуекелден қашуы теңгеге қосымша қысым түсіруі мүмкін. Мұндай кезде капиталдың бір бөлігі доллар мен қорғаныс активтеріне ауысады. Доллар бұрынғыдай толық «қауіпсіз айлақ» болмаса да, өтімділіктің негізгі валютасы болып қала береді.
Әдетте қымбат мұнай экспорттық түсім арқылы теңгені қолдайды. Бірақ қазір валюта бағамы тек Brent бағасына ғана емес, қысқа мерзімді қаржы ағындарына да тәуелді.
Осындай факторлардың бірі — carry trade. Жоғары базалық мөлшерлеме теңгелік құралдарды шетелдік инвесторлар үшін тартымды етеді. Олар доллар сатып, теңге алып, қаржысын жоғары табысты активтерге, әсіресе мемлекеттік бағалы қағаздарға орналастырады. Бұл уақытша теңгені қолдауы мүмкін. Алайда сыртқы белгісіздік күшейсе, мұндай позициялар тез жабылып, долларға сұраныс артып, теңгеге қысым күшейеді.
Соған қарамастан, сарапшы Қазақстанның ең осал жағдайда емес екенін айтады.
«Ұлттық банктің халықаралық резервтері мен Ұлттық қор активтері сыртқы күйзелістерге қарсы маңызды буфер болып қала береді. Бірақ бұл қаражат бағамды бір деңгейде ұстап тұру үшін емес, күрт ауытқуларды жұмсарту үшін қажет», – дейді Жаналина.
Сарапшының пікірінше, қазіргі жағдайда Қазақстан мұнай бағасын ғана емес, экспорт бағыттарының тұрақтылығын, әлемдік экономиканың жағдайын, инфляцияны, резервтер көлемін және жаңа сыртқы тәуекелдерге бейімделу қабілетін де мұқият бақылауы қажет.