Қазақстанда табысы мен шығыны арасында сәйкессіздік анықталған азаматтарға 10 пайыз көлемінде салық енгізу тетігі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма сарапшысы Ұлдана Сүлейменнің айтуынша, егер азамат шығыны табысынан неге артық екенін дәлелдей алмаса, айырма сомасына 10% мөлшерінде салық есептеледі. Мысалы, ресми табысы 300 мың теңге, ал шығыны 500 мың теңге болған жағдайда, 200 мың теңге айырмаға 20 мың теңге салық салынуы мүмкін.
Оның сөзінше, егер салық төлеуші хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіссе, онда ол немесе салық агенті анықталған бұзушылықтар тиесілі кезең бойынша есептілікті ұсынып, тиісті салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді жүргізеді.
Салық сарапшысы Айдар Масатбаев бұл тетік қарапайым азаматтарға айтарлықтай әсер етпейді деп есептейді. Алайда ол мұндай бақылауды салықтан жалтаратын ірі кәсіпкерлер мен ауқатты топтарға қолдану тиімді болатынын атап өтті.
Оның пікірінше, 100–200 мың теңге көлеміндегі артық шығынды қарызға алдым немесе туыстарымнан алдым деп түсіндіруге болады, ал салық органдары жеке адамдар арасындағы қаржылық қатынастарды толық тексере бермейді. Дегенмен мұндай тәртіпті ірі кәсіпкерлер мен олигархтарға қолдану орынды, деді ол.
