Қазақстанда тұрғын үйдің халыққа қаншалықты қолжетімді екенін анықтайтын бірыңғай өңірлік көрсеткіш енгізілуі мүмкін. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Бөріхан Нұрмұхамедов қолданыстағы бағалау тәсілі азаматтардың нақты қаржылық мүмкіндігін толық көрсете алмайтынын айтып, Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Депутаттың пікірінше, тұрғын үй саясатының нәтижесін салынған шаршы метрмен немесе берілген ипотека санымен өлшеу жеткіліксіз. Құрылыс көлемінің артуы баспананың қарапайым отбасы үшін қолжетімді болғанын білдірмейді. Сондықтан есептеуде үй бағасымен бірге халықтың табысы, жалдау ақысы, коммуналдық төлемдер, бастапқы жарна мен несие талаптары ескерілуі керек.
"2026 жылғы тамызда тұрғын үйді жалдау ақысы бір жылда 17,1 пайызға қымбаттады. Ал бірінші тоқсанда жан басына шаққандағы нақты табыс небәрі 0,1 пайызға өсті. 2025 жылдың қорытындысында медианалық жалақы 317 мың теңге болса, ең жиі кездесетін жалақы 116 мың теңгені құрады. Сондықтан орташа жалақыға сүйенген есеп халықтың басым бөлігінің шынайы мүмкіндігінен алшақ нәтиже көрсетуі мүмкін", – деді Бөріхан Нұрмұхамедов.
Ол баспана қолжетімділігін бағалауда басқа мемлекеттердің тәжірибесін мысалға келтірді. Ұлыбританияда тұрғын үйдің медианалық бағасы тұрғындардың медианалық табысымен салыстырылады. Еуропалық одақ елдері табысының 40 пайыздан астамын баспанаға жұмсайтын азаматтардың үлесін есептейді. АҚШ-та тұрғын үй шығыны отбасы кірісінің 30 және 50 пайызынан асатын жағдайлар жеке қарастырылады. Ал Канадада баспананың бағасымен қатар оның сапасы мен көлемі де назарға алынады.
Депутат Қазақстанда да әр өңірдің ерекшелігін көрсететін ресми бағалау жүйесін қалыптастыруды ұсынды. Оның негізіне орташа емес, үй шаруашылықтарының медианалық табысы алынуға тиіс. Ал баспана құны жарнамадағы баға бойынша емес, жасалған нақты мәмілелер мен ипотекалық нарықтағы талаптарға сүйеніп есептелуі керек.
Жаңа әдістемеде стандартты үйдің бағасы отбасының жылдық табысымен салыстырылмақ. Сонымен бірге ипотекаға, жалдау ақысына және коммуналдық қызметтерге кететін шығынның кірістегі үлесі есепке алынуы қажет.
Бұдан бөлек, отбасының бастапқы жарнаны қанша уақытта жинай алатыны және азаматтардың қанша бөлігі банк пен мемлекеттік бағдарламалардың талаптарына сай келетіні анықталуға тиіс. Табысының 30, 40 немесе 50 пайыздан астамын тұрғын үйге жұмсайтын отбасылардың үлесін де бөлек көрсету ұсынылды.
"Деректер өңірге, елді мекен түріне және отбасы санатына қарай бөлінуі керек. Бұл мәліметтер жеңілдетілген ипотека, сатып алу құқығымен жалға беру, тұрғын үй сертификаттары мен өңірлік бағдарламаларды әзірлеу кезінде пайдаланылуға тиіс. Мемлекеттік қолдаудың тиімділігі берілген несие санымен емес, отбасы бюджетіне түсетін жүктеменің азаюымен өлшенуі қажет", – деді депутат.
"Әділет" партиясының бағдарламасында 2031 жылға қарай тұрғын үймен қамту деңгейін әр адамға шаққанда 30 шаршы метрге жеткізу көзделген. Партия бұл мақсатқа қолжетімді ипотека, кейін сатып алу мүмкіндігі бар жалдамалы баспана, үлескерлердің құқықтарын қорғау және ескі үйлерді жаңарту арқылы жетуді ұсынады.