Т. Дүйсенованың айтуынша, барлық әлеуметтік-еңбек саласын, яғни еңбек қатынастары мен жұмысбастылықты, зейнетақымен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қызметтер, көші-қонды қамтитын Бірыңғай ақпараттық жүйе бар.
«Бұл жүйе қазақстандықтарды дүниеге келген кезінен бастап, барлық өмір кезеңдері аралығында сүйемелдеп, барлық кезеңде автоматтандырылған қызметтер ұсынады», — деді министр.
Көрсетілген қызметтер көлемі үнемі өсіп жатыр. Биылдыққа 19 млн-нан астам қызмет көрсетілген, олардың 17% — eGov порталы арқылы ұсынылған. Онлайн режимінде қызметтерді алушылардың деректері жаңартылып отырады, бұл азаматтардың әлеуметтік құқығын қамтамасыз етуге мониторинг жүргізуге және қажет болған жағдайда тиісті шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді.
ҚР Президентінің тапсырмаларын орындау аясында 2017 жылғы қазаннан бастап Бірыңғай электронды еңбек биржасы қызмет көрсетеді. Бір жарым айдың ішінде Бірыңғай электронды биржа арқылы 15 мың іздеуші өздерінің мамандықтары мен тәжірибелеріне сай келетін жұмыс тапты.
Бүгінде электронды биржада 8 мыңнан астам түйіндеме мен 30 мыңға жуық бос жұмыс орындарының тізімі орналастырылған. Бүгінде биржа жұмыс істеп тұр, келесі жылдан бастап оған барлық 199 жұмыспен қамту орталығы (бүгінде 4), еңбекпен қамту бойынша 10-ға жуық интернет-алаң (бүгінде 2) қосылып, осында тартылған жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің саны (бүгінде 19) шамамен екі есеге артады . «Бірыңғай еңбек биржасын енгізу 2025 жылға қарай іздеушілерді еңбекпен қамту пайызын қазіргі жұмыс іздеушілердің (2,2 млн адам) жалпы санының 10%-нан 20%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деді Т. Дүйсенова. Сонымен қатар Бірыңғай электронды еңбек биржасының базасында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (кірістері 12 ЕТЖ) үшін мемлекеттік кірістер органдарында жеңілдетілген тіркеу тетігі іске асырылады. Сонымен қатар жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің еңбек шарттарының бірыңғай есеп жүйесі енгізіледі.
Спикердің айтуынша, еңбек шарттарын электронды форматқа ауыстыру қағаз түріндегі еңбек кітапшаларынан бас тартуға мүмкіндік беріп, кірістерді жалпыға ортақ мағлұмдауға негіз болады. Мүмкіндіктері шектеулі жандарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу бойынша үйлесімді қызметке көшу жұмысы жүзеге асырылған, яғни, ендігі кезекте адам тиісті әлеуметтік қызметтерді алу үшін үш ұйымның орнына тек бір ұйымға жүгінеді.
Т. Дүйсенованың айтуынша, қызметтер бұрынғысынан да қолжетімдірек болады — куәландыру кезінде тікелей қатысудың қажеті жоқ, өтінімді eGov арқылы электронды түрде беруге болады.
Тағы бір жоба — мұқтаж азаматтардың әлеуметтік тіркелімі. Қорытындылай келе, Т. Дүйсенова ендігі әлеуметтік-еңбек саласын одан әрі цифрландыру бірқатар өзекті мәселелерге сәйкес жүргізілетінін айтты. Олар: азаматтардың әлеуметтік мәртебесін өзектендіру, маңызды әзеуметтік сын-тегеуріндерді ескерту және мемлекеттік қызметтердің проактивті форматқа көшуі. Аталған мәселелердің сәтті шешімін табу үшін министрліктің ақпараттық ресурстарын дамыту «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалғасын таппақ.