Т. АЯПОВА: «Бірлестіктің алға қойған мақсаты биік»

Dalanews 03 мам. 2017 08:22 822

 

Жуырда Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Әйел. Қоғам. Білім және ғылым» атты халықаралық симпозиум өтті. Шара аясында «Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы» атты бірлестіктің салтанатты ашылуы өтіп, қоғам мүшелеріне арнайы куәлік табыс етілді.

Симпозиумда білім мен ғылымды дамытудағы әйел ғалымдардың алар орны, тілдерді оқыту мен үйретудегі инновациялар, Қазақстан дамуының заманауи кезеңіндегі отбасы мен отбасылық құндылықтар, қоғамдық қатынастардың жаһандануы контекстіндегі адам құқығының дамуы тақырыптарында дөңгелек үстел өткізіп, бүгінгі өзекті тақырыптарды талқылады.

Симпозиумға медицина, филология, философия, педагогика, ауыл шаруашылығы, тіл, жаратылыстық ғылымдар саласының үздік мамандары, елімізге танымал ғалымдар қатысты. Олар «Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамын» құру арқылы еліміздегі 400 мыңға жуық ғалым әйелдердің ел өміріне, қоғам тынысына өз үндерін жеткізіп, кез келген өзекті мәселені кеңірек талқылауға, өздерінің балама жоспарлары мен ойларын ұсынуды көздеп отырғандарын жеткізді.

Біз шара аясында «Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы» бірлестігінің президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің Кәсіби шет тілі коммуникациясы кафедрасының меңгерушісі, ағылшын тілінің білгірі, танымал ғалым Таңат Аяповамен сұхбаттасқан едік.

 

– Таңат Тәңірбердіқызы, бүгін өтіп жатқан симпозиумның көтерер тақырыбы өте ауқымды екен. Симпозиумға қатысушы ғалымдардың ұсынған (айтқан) пікірлері негізінде қандай шараларды қолға аласыздар?

– Жуырда ғана Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты көлемді мақаласы жарық көргенін білесіз. Осы мақалада еліміздің ендігі жаңғыруы – рухани жаңғыру болатынын атап өтті. Бүгінгі симпозиумға қатысып жатқан ғалымдардың дені елімізге танымал, әр саланың білгір мамандары. Қазақстан мемлекеті  зайырлы ғана емес, демократиялы, гендерлік теңдікті нық ұстаған осы Орталық Азиядағы көш басшы елдердің бірі. Кез келген мемлекеттік мәселеде қазақстандық әйелдер қауымының атқарар жұмысы ұшан-теңіз деп білемін. Сондықтан, ұлттық жаңғыру бастамасына біздің ғалымдардың да үн қатып, өз пікірлерін айтуы заңдылық.

Симпозиумда көтерілген мәселелер алдағы уақыттағы ақпарат құралдары, ғылыми журналдар арқылы елге жетеді. Жаңадан құрылған бірлестіктің алдағы жұмыс жоспарларына енгіземіз.

– «Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамын» құруды қай кезде ойлап едіңіз?

– Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында АҚШ-қа барып, біраз жыл университетте сабақ бердім. Сонда оларда ғалым әйелдердің бірігуімен ашқан қоғамдық қорлары бар екенін білдім. Олар өздерінің қоғамдық бірлестіктері арқылы жаңа жобалар дайындап, мемлекеттік яки жекеменшік секторларға ұсыныстар әзірлейді екен. Қоғамдағы түрлі істерге өз ой-пікірлерін жеткізіп, кейбір мемлекеттік маңызды бағдарламаларға баламалы жоспарларын ұсынады екен. Сол қоғамға мен де мүше болдым. Олардың еркіндіктеріне, талапшылдығына таңырқағаным есімде. Бізде ондай қоғам құрып, еркін жұмыс істеу мүмкін еместей көрінетін. Содан бері арада 20 жылдан артық уақыт өтті. Біз нарықтық экономикаға сәтті өттік, демократиялық қоғам құрдық. Көптен бері Қазақстанда осындай қоғам неге жоқ деген сұрақ мені мазалап жүрген. Мұндай қоғам Қырғызстан мен Өзбекстанның өзінде бар екенін жуырда білдім. Олардың жұмыс тәжірибесін зерттеп көрдім. Ел істегенді біз неге істемейміз? Қазақстанда 400 мыңға жуық ғалым әйел бар екен. Олар мамандықтары бойынша әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Олардың ортақ ұйымы болғаны заман талабы деген ойдамын.

Қазір қоғамдық бірлестіктер, ұйымдар көп. Демократиялы елдің негізгі тіреуі – осы ұйымдар мен қорлар, бірлестіктер. Олардың әрқайсысы өз міндет-мақсатына сай ойдағыдай жұмыс істесе, қоғам алға жылжиды. Сол себептен, біраз уақыттан бері осы қоғамды құруды жоспарлап, мықты ғалымдармен кеңестік, пікір алмастық. Алдымен өзге елдің тәжірибесін, олардың атқарған жұмысын бақылап көрдік. Олар көтерген дүниені қазақ әйелдері де көтере алады. Өйткені, қазақ әйелдері білім алу деңгейі жағынан кез келгенмен тең дәрежеде. Мұны нық сеніммен айта аламыз.

Қазақ –  қызын, анасын, жарын құрметтеген халық. Біздің шығыстың өзге халықтарына қарағанда ерекшелігіміздің бірі осы қасиетіміз. Тарихымызға үңілсеңіз, қазақ руларының едәуір бөлігі аналардың атымен аталады. Қасиетті аналар қатарына қосылған қаншама аяулы кісілер бар. Бұдан біз қазақ тарихында аналардың алар орны ерекше болғанын, оларды бөліп, бөлектеп, екінші сатыға түсірмегенін байқаймыз.

Қазақстандық ғалым әйелдер саны да 400 мыңға жуық екен. Әрине, бәрі өндіріп жұмыс істеп, ғылым үшін қомақты үлес қоспайтын шығар. Бірақ, саннан сап шығатыны белгілі. Өзге елдерге қарағанда, қазақ әйелінің білім-ғылым игеруге құштарлығы – ұлттық менталитетіміздің жақсы көрсеткіші.

– Бірлестікке мүше болуға ынталы топ бар ма?

– Әрине. Қазірдің өзінде бірлестікке мүше болып жатқандар бар. Алғашқы мүшелердің ішінде танымал ғалымдарды, қоғам қайраткерлерін қабылдадық. Ары қарай жүйелі түрде жұмыс жүргізбекпіз. Өзге аймақтардан, Алла бұйыртса, бөлімшелерін ашуды да ойластырып жүрміз. 400 мың ғалымның бәрінің басын қосу мақсат емес, іскер, шынымен қоғамға пайдам тисе, ойымды жеткізсем деп ойлайтын белсенді жандардың орталығына айналса деп отырмыз.

– Ғылыми атағы бар, бірақ жұмыссыз жүрген ғалым әйелдерге көмектесесіздер ме?

– Біз ең алдымен ғалым әйелдер жайында статистикалық мәлімет жинамақшымыз. Нақтылы қанша ғалым бар? Олар қандай салалар бойынша ғылыми атақ алды? Қай аймақтарда ғалымдар көп немесе аз? Осы сұрақтарды тұрақтандырып, нақты жағдайды білген соң, олардың қанша пайызы өз мамандығы бойынша қызмет етіп жүргенін анықтауға мүмкіндік туады. Мұны анықтау, бәрінің бүгінгі жағдайына үңілу оңай шаруа емес.

Содан соң олардың ішінде түрлі себептермен жұмыссыз отырған яки болмаса ортасынан жырақтап кеткен ғалымдарға рухани тұрғыдан көмек беріп, жебеу-демеу ойымызда бар. Бұл алдағы атқарар шаруамыздың бір саласы.

– Бірлестік одан өзге нақты қандай жұмыстарды қолға алмақ?

– Біздің мақсат – қоғамдық өзекті тақырыптарға ғалым әйелдердің үнін жеткізу, олардың пікірлері мен ғылыми тұжырымдарын ұсыну. Айталық, қазір бүгін үйленіп, ертең ажырасып кету қалыпты жағдайға айналды. Бұндай үрдіс қайдан келді? Неге жетім балалар көп? Неге отбасы құндылығы жойылып барады? Қоғамдық формация өзгерген тұста біздің дәстүрлі құндылықтар тоқырауға ұшырағаны жасырын емес. Біз ғалымдардың жиі бас қосып, конференциялар өткізіп, өздерінің түйгендері мен түсінгендерін, зерттеген тақырыптарын кеңірек насихаттауға тиіспіз.

Жетім балалар, жағдайы төмен отбасылардың жеткіншектерін, мүгедек жастарды ынталандыру үшін тегін білім алуға жағдай жасамақпыз. Әсіресе, ағылшын тілі мен қазақ тілін үйренгісі келетіндерге арнайы крустар ұйымдастырып, сауатты, білімді ұрпақ тәрбиелеуге азда болса септессек деп ойлаймыз.

Біздің қоғамның атқарар жұмысы өте көп. Алдағы уақытта арнайы бағдарламалар әзірлеп, тиісті мекемелермен бірлесіп қызмет атқаратын боламыз.

 – Әңгімеңізге рақмет!

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар