Шымкенттің тозған инженерлік желілері: 88 шақырымды жаңғырту мәселені шеше ме?

Шымкенттің тозған инженерлік желілері: 88 шақырымды жаңғырту мәселені шеше ме?
pixabay.com

Халқы ең жылдам өсіп жатқан қалалардың бірі - Шымкентте инженерлік инфрақұрылымға түсетін жүктеме жыл сайын артып келеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Осы жағдайда билік коммуналдық желілерді жаңғыртуға миллиардтаған теңге бөлгенімен, тұрғындар үшін басты сұрақ өзгермейді: бұл жұмыстар апаттар мен қызмет сапасына қатысты түйткілдерді шеше ала ма?

Үкімет отырысында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков 2026 жылы электр, су және жылумен жабдықтау салаларында жалпы құны 31,1 млрд теңге болатын алты жоба жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, жұмыстар жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталуы тиіс. Соның нәтижесінде 88 шақырым инженерлік желі жаңғыртылып, 139 мың абонент сапалы коммуналдық қызметпен қамтылады.

Алайда үшінші мегаполис үшін бұл мәселе жаңа емес. Соңғы жылдары қалада халық санының күрт артуына байланысты электр, су және жылу желілеріне түсетін жүктеме бірнеше есе көбейді. Соның салдарынан тұрғындар жаз мезгілінде электр қуатының өшуіне, су қысымының төмендеуіне, ал қыс мезгілінде жылумен қамтудағы қиындықтарға бірнеше рет шағымданған.

Бұған қоса, қала аумағының кеңеюі мен жаңа тұрғын үй массивтерінің салынуы инженерлік инфрақұрылымды жаңарту қарқынынан жылдамырақ жүріп жатқаны да жиі айтылып келеді.

Сондықтан биыл қолға алынған жобалардың уақытында аяқталуы ғана емес, олардың қаланың алдағы жылдардағы өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз ете алуы да маңызды.

Үкімет отырысында Алматы облысындағы жобалардың жүзеге асырылу барысы да қаралды. Өңірде ұлттық жоба аясында 62,9 млрд теңгеге 10 жоба іске асырылып жатыр. Жылу желілерін реконструкциялау биылғы қараша айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар Қонаев қаласының сумен жабдықтау жүйесі бойынша қайта жарияланған конкурстардың нәтижесінде жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Ал 2027 жылы облыста жалпы құны 23 млрд теңге болатын тағы 14 жоба жүзеге асырылмақ.