Freedom Inside '26

Шымкентте жеке қойма өртеніп, екі адам зардап шекті

Шымкентте жеке қойма өртеніп, екі адам зардап шекті

Шымкентте жеке қоймалар аумағында шыққан ірі өрт толықтай сөндірілді. Оқиға салдарынан күйік шалған екі адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт 25 маусым күні Еңбекші ауданындағы Исфиджаб тұрғын алабында орналасқан жеке қоймалар аумағында болған.

Тілсіз жау қоймалардың шатырын, жүк көлігінен төгілген дизель отынын және аумақта сақталған резеңке бұйымдарды шарпыған. Өрт шыққан жердің дәл жанында дизель отыны тиелген жүк көлігі тұрған.

Оқиға кезінде екі адам түрлі дәрежедегі күйік алып, медициналық мекемеге жатқызылды.

Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің 56 қызметкері мен 30 техникасы жұмылдырылды. Сондай-ақ оқиға орнында Апаттар медицинасы орталығының мамандары кезекшілік етті.

Министрліктің мәліметінше, өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында жалынның жанармай тиелген жүк көлігіне таралуына жол берілмей, өрт толықтай ауыздықталған.

Қазір өрттің шығу себебі мен оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырып, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау адам өмірі мен мүлкін қорғаудың басты кепілі екенін еске салды.