Шымкентте пойызға тас лақтырған жасөспірімдер ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
ІІМ мәліметінше, пойыз қозғалысы кезінде полицейлер вагон терезесінен теміржол жиегінде жүрген үш жасөспірім пойызға тас лақтырып жатқанын байқаған. Қауіптің алдын алу мақсатында полиция қызметкері пойыз машинисімен шұғыл байланысып, жылдамдықты төмендетуді сұраған.
Жедел қабылданған шаралар нәтижесінде жасөспірімдер ұсталып, ата-аналарымен бірге Шымкент станциясындағы полиция басқармасына жеткізілген.
Кәмелетке толмағандар өз әрекетін мойындаған. Олармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал ата-аналары балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.