Шымкентте Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің бұрынғы басшысы мен Төтенше жағдайлар департаментінің аудандық бөлімшесінің бұрынғы бас маманы сотталды. Екеуіне де айыппұл салынып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға қалай болған?
Hronika.kz мәліметінше, 2026 жылғы мамырда Шымкент қаласы Тұран ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Азамат Бұлдырықов еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің кеңселерінде профилактикалық тексеру жүргізген.
Тексеру барысында өрт қауіпсіздігі және өзге де қауіпсіздік талаптарының 23 рет бұзылғаны анықталған.
Сол кездегі департамент басшысы Руслан Тұңғышбаев есепке тек жедел түрде жою мүмкін емес немесе оны түзету қомақты шығынды талап ететін, сондай-ақ өз құзыретіне кірмейтін заңбұзушылықтарды ғана енгізуді ұсынған. Қалған ескертулерді құжаттан алып тастауды сұраған.
Іс материалдарына сәйкес, осы қызметі үшін Тұңғышбаев Бұлдырықовқа 100 мың теңге берген. Соның нәтижесінде қорытынды есепке анықталған 23 заңбұзушылықтың орнына 16-сы ғана енгізілген.
Сот қандай шешім шығарды?
Шымкент қаласының ауданаралық қылмыстық соты екі айыпталушыны да кінәлі деп таныды. Азамат Бұлдырықов Қылмыстық кодекстің 366-бабы 1-1-бөлігі («Пара алу»), ал Руслан Тұңғышбаев 367-бабының 1-бөлігі («Пара беру») бойынша жауапқа тартылды.
Екеуі де кінәсін толық мойындағандықтан, іс қысқартылған тәртіппен қаралған.
Оларға қандай жаза тағайындалды?
Сот шешімімен Азамат Бұлдырықов 2,5 миллион теңге, ал Руслан Тұңғышбаев 1,5 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұдан бөлек, екеуіне де мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Сотталғандар бірінші сатыдағы сот шешіміне шағым түсірмеген. Үкім заңды күшіне енді.