Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қара мал етін экспорттауға қатысты енгізіліп жатқан жаңа шектеулердің тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылғы 31 желтоқсаннан бастап Қазақстан аумағынан үшінші елдерге және ЕАЭО мемлекеттеріне ірі қара мал етін әкетуге арналған квоталарды бөлу қағидалары күшіне енді. Бұл норма 2026 жылғы 30 маусымға дейін қолданылады. Экспортқа рұқсат етілген еттің жалпы көлемі 20 мың тонна деңгейінде белгіленген.
Квота меншікті бордақылау алаңдарындағы мал басын пайдаланатын ет өңдеуші кәсіпорындарға ғана беріледі. Бір кәсіпорынға бөлінетін квота мөлшері бордақылау алаңының қуатына тікелей байланысты.
Атап айтқанда,
– бордақылау алаңы 5 мың бастан асса – 1 000 тоннаға дейін,
– 10 мың бастан асса – 2 000 тоннаға дейін,
– 15 мың бастан асса – 3 000 тоннаға дейін,
– 20 мың бастан асса – 4 000 тоннаға дейін,
– 50 мың бастан асса – 10 000 тоннаға дейін сиыр етін экспорттауға рұқсат етіледі.
Министрліктің түсіндіруінше, бұл шара толық өндірістік циклмен жұмыс істейтін кәсіпорындарды қолдауға және сыртқы саудадағы ашықтықты арттыруға бағытталған.
Шектеулер ең алдымен ішкі нарық мүддесін қорғау және мал шаруашылығын стратегиялық тұрғыда дамыту қажеттілігінен туындап отыр. Уақытша квоталаудың негізгі мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өнімді терең өңдеуді ынталандыру, статистикалық есептің нақтылығын арттыру және еттің шығу тегін бақылау.
Ведомство атап өткендей, шектеулерді енгізуге кейбір компаниялар мен шағын сою цехтарының малды бордақылаусыз қайта сатып, өндірістік базаны дамытпай жұмыс істеу тәжірибесі себеп болған. Мұндай схема делдалдықты күшейтіп, ішкі нарықтағы бағаның өсуіне әсер еткен.
Сондықтан жаңа квоталау тетігі мал өсірумен және бордақылаумен айналыспайтын экспорттық делдалдарды нарықтан ығыстырып, өндірістік инфрақұрылымға инвестиция салып, технология енгізіп, жұмыс орындарын құратын нақты өндірушілерді қолдауға бағытталған.
Министрліктің мәлімдеуінше, квоталардың көлемі мен қолданылу мерзімі уәкілетті органмен келісу арқылы айқындалып, бұл ішкі нарықтағы жағдайға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, қабылданған шешім қазақстандық мал шаруашылығын ұзақ мерзімді дамытуға, ішкі нарықты тұрақтандыруға және тұтынушылар үшін сапалы сиыр етінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
