Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны, 51 жастағы ұстаз Аяш Қабдоллаева Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында дәстүрлі садақ атудан алтын медаль иеленді. Ол пута нысанасы бойынша жарыста жеңімпаз атанды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жеңімпаз жарияланған сәтте спортшы қуанышын жасыра алмай, көз жасына ерік берген. Жантебірентерлік көрініс әлеуметтік желіде тарап жатыр.
Аяш Қабдоллаева - мамандығы бойынша бастауыш сынып мұғалімі. Ол 20 жыл бойы мектепте сабақ беріп, көптеген шәкірт тәрбиелеген. 1997 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысындағы Глубокое кентінде тұрады.
Ұстаздықпен қатар дәстүрлі садақ атумен айналысатын спортшы былтыр Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында 130 спортшының арасынан үздік шыққан.
"Садақ ату Аяш Қабдоллаеваның отбасына да жақын. Оның күйеуі мен келіні де осы спорт түрімен шұғылданады", - деп жазылған "Ақ желкен" журналының мәліметінде.
Осылайша, ұлағатты ұстаз ұлттық спорттық түрінен де ел мерейін өсірді.