Бүгінде көгілдір отын қолданушыларының тұрмысын жеңілдетуге арналған QazaqGaz Aimaq мобильді қосымшасына 630 мың тұтынушы тіркелген. Сонымен қатар, ол арқылы 242 мың табиғи газ көрсеткіші беріліп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz
«QazaqGaz Aimaq» АҚ баспасөз қызметі мобильді қосымша деректерді жедел беруді жеңілдететінін айтады: есептегішті айына бір рет қана сырт еткізіп телефоныңызға суретке түсіріп, жіберсеңіз болды, жасанды интеллект көрсеткіштерді өзі танып, дұрыстығын тексереді.
Экологиялық қауіпсіз әрі таза отын түріне қосылғысы келетін қазақстандықтарға техникалық шарттарды беру процесі де толығымен онлайн сипатқа көшкен. Қазіргі уақытта жеке және заңды тұлғалардан 128 778 өтінім түскен.
Ал «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында 44 мың отбасы газ тұтынуға арналған жеңілдікті пайдаланған. Бұл ретте атаулы көмек алатын азаматтарға 1414 нөмірінен жеңілдік жөнінде SMS-хабарлама келіп түседі. Олар бағдарламаға қатысатынын растап, өздерінің жеке шотын көрсетеді. Бұл қаншама уақытты үнемдеуге, қателіктерді болдырмауға әсер етіп жатыр. Әрі әлеуметтік көмектің ашықтығы мен қолжетімділігі қамтамасыз етілген. 24 пайыз жеңілдік төлем кезінде автоматты түрде қолданылады. Бір отбасы бірнеше мың теңгені үнемдей алады. Бүгінгі таңда бұл жоба бүкіл республика аумағында кеңінен таралған.
Сарапшылар компанияның технологиялық жаңалықтары әр отбасыға көмектесіп, тұрмыс тауқыметін жеңілдететінін, күнделікті өмірде жайлылық туғызатынын келтіреді.
