Түркістан облысында балаларды мектепке электронды түрде қабылдау жүйесінің еңгізілгеніне бір жылдан асты. Ондағы мақсат – балаларды мектепке орналастыруда ашықтықты, айқындықты қамтамасыз ете отырып, адами фактордың орын алуына жол бермеу болатын. Бүгінде бұл мақсатқа толықтай қол жеткізілді десек болады. Былтырғы жылы жаңаша жүйенің көмегімен қала мектептерінің 1-сыныбына 21 945 оқушы қабылданса, 23 395 бүлдіршін балабақшаға баруға мүмкіндік алған.
– Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту арқылы оқытудың мазмұндылығына, сыбайлас жемқорылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарға көңіл бөлу мәселесі де қолға алынды. Айталық, мұғалімдерді іріктеудегі ашық конкурс, оқушылардың мектепаралық ауыстыру және жеке іс-парағын жүргізу процестері электронды түрде атқарылуда, – деп облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Өмірзақұлы ойын ортаға салған болатын.
Бұл жүйе мектептердегі оқу-тәрбие ісінде де тиімді пайдаланылуда. Атап айтсақ, қаладағы 40 білім ұясына электронды басқару аппараттық-бағдарламалық кешені енгізілген. Жаңаша жүйе орнатылған мектептерге жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша алдыңғы жылдармен салыстырғанда соңғы оқу жылында сабақтан себепсіз қалу деңгейі 75%-ға кеміп, оқушылардың үлгерімі 12%-ға пайызға жоғарылаған.
Айта кетейік, жобаның нәтижесінде, балабақшаға жолдама алу, қызметке тұруда пара талап ету, балаларды мектепке орналастыруда тамыр-таныстыққа жол беру туралы наразылық білдірген қала тұрғындарының арыз-шағымдар айтарлықтай төмендеген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі