Швейцарияда Гүлнара Каримоваға қатысты сот процесі қайта жанданды

Швейцарияда Гүлнара Каримоваға қатысты сот процесі қайта жанданды
Yves Forestier/GETTY. Суретте: Гүлнара Каримова

Швейцарияда Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримоваға қатысты іс қайта қарала бастады. Reuters агенттігінің мәліметінше, сот процесі Каримоваға тағылған пара алу және заңсыз қаржы айналымына байланысты айыптар аясында өтіп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Айыптаушы тарап Гүлнара Каримованы "The Office" деп аталған қылмыстық құрылымды басқаруға қатысы бар деп санайды. Тергеу бұл істің тамыры шамамен жиырма жыл бұрынғы оқиғаларға барып тірелетінін алға тартады.

Іске Швейцариядағы Lombard Odier банкі де қатыстырылған. Қаржы ұйымы заңсыз жолмен алынған қаражатты жасыруға көмектесті деген күдікке ілінген.

Тергеу материалдарына сәйкес, 2005-2013 жылдар аралығында Каримоваға қатысы бар құрылымдар арқылы Швейцариядағы банк шоттарына жүздеген миллион доллар аударылған.

Осы іс бойынша банктің бұрынғы қызметкерлерінің бірі де жауапқа тартылып жатыр. Оған аталған қаражатты жасыруға қатысқан деген айып тағылған.

Қазіргі уақытта Гүлнара Каримова Өзбекстанда жазасын өтеп жатыр. Reuters дерегінше, Каримова да, банк тарапы да өздеріне тағылған айыптарды мойындамай отыр.

Сот процесінің қанша уақытқа созылатыны және үкімнің қашан шығатыны әзірге белгісіз.