«Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігі контрафактілік алкогольге қарсы көпжылдық суррогат науқанын жаңа стратегиялық деңгейге көтерді. 7 шілдеде белсенділер суррогат өнімдерін таратудың ірі арналарын анықтау мен бұғаттауға бағытталған республикалық акцияны бастады. Енді қырандардың (ұйым мүшелерінің) басты назарында жекелеген дүкен сөрелері емес, көтерме жеткізу тізбектері болмақ. Жаңа форматтағы алғашқы ауқымды рейдтер Астана мен Өскемен қалаларында бір уақытта тұсауын кесті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Заңсыз алкоголь мен шығыны белгісіз, арзан суррогат өнімдері Қазақстан қоғамы үшін әлі де жасырын, бірақ өте қауіпті қатер болып қала бермек. Контрафактінің қолжетімділігі өсіп келе жатқан ұрпаққа тікелей соққы болып тиіп, жастарды ерте жастан масқұмарлыққа жетелейді және олардың өмірін қатерге тігеді. Мәселенің ауқымдылығы бөлшек саудадағы ұсақ заң бұзушылықтарды жай ғана тіркеп қоюды емес, осы контрафактілік өнімдер тонналап келіп түсетін үй іргесіндегі дүкен сөрелерінің заңсыз арналарын жүйелі түрде бұғаттауды талап етеді.

Қырандардың үйлесімді әрі жедел әрекеттерінің нәтижесінде Астана қаласында көлемі 160 литр, ал Өскемен қаласында 205 литр болатын шығу тегі белгісіз, құрамында спирті бар қауіпті өнімнің ірі партиясы анықталды. Табылған барлық қолдан жасалған тауарлар сараптама жүргізу және заң бұзушыларды жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау органдарына жедел түрде өткізілді.
Бұл науқанның басты мақсаты — ең алдымен ұлт саулығын қорғау. Қоғам белсенділері қазақстандықтарды, әсіресе жастарды өмірге аса қауіпті суррогат өнімдерін тұтынудан арашалап, отбасыларды контрафакті кесірінен болатын қайғылы жағдайлардан сақтап қалуды көздейді.
«Осы науқан аясында атқарған үш жылдық жұмысымыздың нәтижесінде бірлескен күш-жігердің арқасында айналымнан 1 500 мың литрден астам суррогат алкогольді тәркіледік — бұл мыңдаған адамның өмірін арашалап қалды деген сөз. Алайда, бұл мәселені біржола шешу үшін тек бөлшек саудамен ғана шектелу жеткіліксіз, ірі партиялардың таралуына тосқауыл қою керек. Біз үшін құрғақ көрсеткіштер емес, әрқашан ұлт саулығы мен адамдардың қауіпсіздігі бірінші орында тұрады», - деп бөлісті «Дала Қырандары» ЖҚБ үйлестірушісі Мейірболат Тоитов.