Сурдлимпиадада ел намысын қорғаған қазақстандық спортшыларға 5,5 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан атынан 8 спорт түрі бойынша 78 спортшы бақ сынаған. 2025 жылы олардың дайындығы үшін мемлекет есебінен 21 оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылып, толық қаржыландырылған. Оған спорттық киім-кешек, медициналық сүйемелдеу, құрал-жабдықтар және жарысқа бару шығындары кірген. Бұл мақсатқа барлығы 513 млн теңге бөлінген.
Министрлікте атап өткендей, ойындар қорытындысы бойынша спортшылар мен бапкерлерге төленетін сыйақының жалпы қоры 5,5 млрд теңгені құрайды.
«Бұл қаражат спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына белгіленген тәртіппен толық көлемде төленеді. Сонымен қатар чемпиондар мен жүлдегерлер, бапкерлер мен спорт қауымдастығының өкілдері Премьер-министрдің қабылдауында болып, мемлекеттік наградалармен және Президент атынан алғыс хаттармен марапатталды», – делінген ресми жауапта.
Қазіргі таңда 24 спортшыға «Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілген. Қалған 12 үміткерге қатысты шешім заң талаптарына сай қабылданатыны айтылды.
