"Сүлейменовке Украинадағы тіл саясаты ұнамайды!". Ол орыс тілінің қағажау көргеніне қарсы

Dalanews 23 мам. 2022 10:46 917

Бүгін Алматы қаласында Олжас Сүлейменов бастаған бастамашыл топ баспасөз жиынын өткізіп, "Қазақстанның халық конгресі" партиясын қайта тірілтетінін жариялады. Өз кезегінде партия жетекшісі Украинада орыс тілінің қағажау көргеніне наразы екенін ашып айтты.

1990 жылдарда өзі басқарған партияны қайта жаңғыртатынын айтқан Олжас Сүлейменов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын қолдайтынын мәлімдеді.

Бастамашыл топ ішіндегі парламент сенатының бұрынғы депутаты Омархан Өксікбаевтың сөзінше, "тіркелмеген партия қазірдің өзінде "ертелі-кеш кінәліні іздеп, сынай бермей алға басатын, мемлекетті нығайтатын бағдарлама жасап қойған. Енді партия құжаттарын Әділет министрлігіне жіберу ғана қалған".

Жиын кезінде Олжас Сүлейменов келешекте Қазақстанда орыс тілінің статусы туралы мәселесі көтерілуі мүмкін екенін ескертті.

– Біз қазір Украинада не болып жатқанын көріп отырмыз. 2014 жылы Украинаның дарынсыз басшылары украин тілін ғана заңды тіл деп жариялады, орыс тілін заңсыз тіл деді. Соның нәтижесінде Украина шын мәніне келгенде мемлекеттігінен айырылып қалды, – деді ол.


"Қазақстан Халық конгресі" партиясы алғаш рет 1991 жылы күзде құрылып, оған Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов тең төраға болған. Олар партияны либерал-демократиялық құндылықтарды қолдайтын күш ретінде сипаттаған.

1993 жылы Мұхтар Шаханов партияның тең төрағасы қызметінен кетіп, Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі қызметіне ауысты. Олжас Сүлейменов 1994 жылы "билікке конструктивті оппозицияға көшетінін" мәлімдеп, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың референдум арқылы өз өкілетін ұзартқысы келетін әрекетін сынады.

"Референдумын пайдаланып, президент өз мандатын тағы да ұзартпақшы. Сірә, өз билігіндегі сайлау машинасының мүлт кетпейтін механизміне сенетін болар. Әрине, 1991 жылғы сайлаудағыдай 99 процент деп жар салудың ыңғайсыз екенін президент командасы сезеді. Халық бұған сенбейді, өйткені республиканы талау мен қайыршылыққа душар еткен президент саясатына көпшілігі қарсы дауыс береді" деді ол 1994 жылы қарашада шетелдік ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында.

1996 жылы өтуге тиіс президент сайлауына кандидатурасын ұсынуға әзір екенін айтқан Олжас Сүлейменов 1995 жылы Италияға елші болып кетті. Содан кейін Қазақстанның халық конгресі партиясы саясат сахнасынан шығып қалған.

2010 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін референдум арқылы ұзарту жөніндегі бастамашыл топтың үндеуіне қол қойып, оның өкілетін сайлаусыз созуды жақтаған Олжас Сүлейменов Қазақстан халқын Нұрсұлтан Назарбаевты қолдауға шақырып келді.


Биыл 86 жасқа толатын Сүлейменов Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевты сынап, оны Қазақстан конституциясында "тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы" деп көрсетуге қарсылық білдірді.

Кейінгі кездері Қазақстанда жаңа саяси партия құру жөнінде бастамалар жиілеген. Бірқатар саясаткерлер "Ел мен Жер", "Біздің таңдау" саяси партияларын құратынын мәлімдеген. Әділет министрлігінің мәліметінше, қазір "Ел тірегі", "Намыс", "Байтақ", "Халық дербестігі" партиялары тіркеу шартын орындауға кіріскен.

Әділет министрлігі "Алға Қазақстан" оппозициялық партиясын құру бастама тобының құжатын тіркеуден бас тартқан. Бұған дейін бірнеше рет тіркеле алмағанын мәлімдеген "Қазақстанның демократиялық партиясының" жетекшісі Жанболат Мамай өзіне қозғалған екі қылмыстық іс бойынша ( “билік өкілін қорлау” және “жалған ақпарат тарату”) қамауда отыр. Оның жақтастары тағылған айыптың саяси астары бар деп есептейді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар