Қазақстанда доллар бағамының күрт қымбаттауына негіз жоқ, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Оның айтуынша, қаржы реттеушісі валюта бағамына болжам жасамайды, алайда қазіргі жағдайда доллардың күрт өсуіне алып келетін нарықтық немесе іргелі факторлар байқалмай отыр.
«Біз валюта бағамына болжам жасамаймыз, өйткені монетарлық реттеуші ретінде мұндай қадам нарыққа дұрыс сигнал болмайды. Дегенмен доллар бағамының жазда да, күзде де күрт өсуіне алып келетін іргелі немесе нарықтық алғышарттарды көріп отырған жоқпыз», – деді Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысы доллар бағамында маусымдық өзгерістердің болатынын айтты. Оның сөзінше, жаз айларында халықтың шетелге демалысқа шығуына байланысты шетел валютасына сұраныс дәстүрлі түрде артады.
«Жаз мезгілі – демалыс кезеңі. Сондықтан доллар бағамында да маусымдық ерекшелік бар. Адамдар шетелге шығу үшін валюта сатып алады. Сонымен қатар ірі компаниялар құрылыс маусымында үлгеру үшін шетелдік жабдықтар мен техниканы сатып алады. Сол себепті жазда және күзде долларға сұраныс әрдайым жоғары болады. Әдетте жылдың басында бағам сәл төмендеп, кейін жыл ортасы мен соңына қарай біршама көтеріледі», – деп түсіндірді ол.
Сүлейменовтің айтуынша, мұндай үрдіс 2026 жылы да сақталады деп күтілуде. Алайда Ұлттық банк валюта нарығында күрт ауытқулар болады деп болжам жасап отырған жоқ.