Субсидияның ақшасын талан-тараж қылғандар сотталды

Көркем Алдабергенова 19 қыр. 2025 15:29

Қостанай облысындағы Бейімбет Майлин ауданы прокуратурасының жүргізген тексеруі нәтижесінде мал азығы құнын арзандатуға және селекциялық жұмыстарды жүргізуге бағытталған субсидияларды жымқыру фактілері анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Анықталған заң бұзушылықтар бойынша аудан прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі 2) тармағы (аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады.

Қылмыстық іс Қостанай облысы прокуратурасының бақылауымен тергеліп, нәтижесінде үш тұлғаның қылмыстық әрекеттері дәлелденіп, іс сотқа жолданды.

Сотталушылардың өз кінәсін толық мойындауына байланысты қылмыстық іс қысқартылған тәртіппен қаралды.

2025 жылғы 4 қыркүйектегі Бейімбет Майлин аудандық сотының үкімімен сотталушылар әр түрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына тартылып, сот залында қамауға алынды.

Сонымен қатар, мемлекетке келтірілген материалдық залалды өтеу мақсатында сотталушылардан 96 миллион теңгеден астам сома ортақ тәртіппен өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар