Қаржы мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов гидротехникалық нысандарды күтіп ұстауға бөлінген бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінгендер қамауға алынбағанын мәлімдеді, - деп хабарлады Dalanews.kz.
Бұған дейін ҚМА Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет, квазимемлекеттік компаниялар, кәсіпкерлер және мемлекеттік қорлар 140 миллиард теңгеден аса қаражат бөлгенін жариялады.
"Алматы қаласы, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Ұлытау облысындағы қаржы мониторингі органдары ұрлық дерегі бойынша төрт іс қозғады. Күдікті ретінде бес адам анықталды. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден асты”, - деп хабарлаған еді Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) бұған дейін.
Сонымен қатар, агенттік төрағасы Дмитрий Малахов бөлінген қаржы қайда кеткенін тексеру қажет екенін де баса айтты.
“Ведомствоның аумақтық департаменттерінің басшылары мемлекеттік органдар мен шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметіне араласпай, бөгеттерді, су бұру құрылыстарын салуға, сондай-ақ өзен арналарын тереңдетуге бөлінген қаржының ұтымды жұмсалуын зерделеуі қажет”, - деп тапсырды Малахов.
Ал бүгін Жеңіс Елемесов күдіктілер қамауға алынбағанын жеткізді. Дегенмен бұл қаражат бұған дейін бөлінген болып шықты.
"Бұл қаржы гидрологиялық нысандарды күтіп ұстауға бұрын бөлінген. Оның қазір бөлінген 140 миллиард теңгеге қатысы жоқ. Бүгінде тендер алған кәсіпкерлер мен актіге қол қоюға қатысқан лауазымды тұлғалар күдіктілер қатарында. Әзірше ешкім тұтқындалған жоқ", - деді төрағаның орынбасары Мәжіліс кулуарында.
Сонымен қатар, бүгінде қылмыстық іс тергеліп жатқанын, ешкімге нақты айып тағылмағанын мәлімдеді.
"Бұлтартпау шарасын әлі таңдаған жоқпыз. Бұлтартпау шарасын таңдау үшін қылмыстың санатын көрсету керек. Тергеу барысында біз барлық деректі анықтаймыз", - деді Жеңіс Елемесов.