Су тасқыны: Министрлік ақша үнемдеу үшін халықаралық IT-форум өткізуден бас тартты

Қаракөз Амантай 20 мам. 2024 13:14 2515

Цифрлық даму министрлігі Астанада жоспарланған Digital Bridge 2024 халықаралық ІТ-форумын өткізуден бас тартты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомство мұндай шешімді президенттің тиісті тапсырмасынан кейін қабылдаған.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі су тасқыны жағдайына байланысты ірі іс-шаралардан бас тарту туралы тапсырмасына сәйкес Digital Bridge 2024 халықаралық ІТ-форумын өткізбеу туралы шешім қабылданды. Форум Астанада осы жылдың 5-7 қыркүйегіне жоспарланған болатын", - делінген хабарламада.

Министрлік биылғы су тасқыны Қазақстандағы соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат болғанын еске салды.

"Осыған байланысты ауқымды қиратулардың салдарын жою және ел азаматтарына көмек көрсету үшін қаражатты үнемдеу мақсатында президент үкіметке жоспарланған имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізуден бас тартуды тапсырды", - деп түсіндірді ведомстводағылар.

2018 жылы басталған Digital Bridge халықаралық форумы биыл алтыншы рет өтуге тиіс еді. Форум IT-индустрияның соңғы тенденциялары мен даму перспективаларын талқылауға арналған Орталық Азиядағы ең ірі алаң болды.

Еске салайық, 2020 жылы халықаралық іс-шара COVID-19 пандемиясына байланысты өткізілген жоқ.

Digital Bridge ұйымдастырушылары – ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Astana Hub халықаралық технопаркі форумға қатысуға ниет білдірген барша жанға алғыс білдірді.

Министрліктің ақпаратынша, Digital Bridge халықаралық IT-форумы өз жұмысын 2025 жылы қайта бастайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар