"Штрафстан": Перуашев Тоқаевтың сынынан кейін тағы да кешірім сұрады

"Штрафстан": Перуашев Тоқаевтың сынынан кейін тағы да кешірім сұрады
parlam.kz

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды "Штрафстан" деп атайтындарға қатысты айтқан пікірінен кейін өз ойын білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, бұл тіркес алғаш қолданылған кезде-ақ оның орынсыз екенін мойындаған.

"Бұл сөз дұрыс емес екенін айтқанмын. Парламент өкілі мәдениетті сөйлеуі керек, дөрекі сөз қолданбауға тиіс. Мұны бір жыл бұрын да айттым", – деді ол.

Азат Перуашев Мемлекет басшысының сынын қалыпты қабылдайтынын жеткізді. Оның сөзінше, Президенттің сыны тек өзіне емес, басқа азаматтарға да қатысты айтылған. Сондықтан мұндай пікірлерден сабақ алып, жұмысты жалғастыру қажет. БАҚ өкілдерінің Қазақстанды "Штрафстан" деп санайсыз ба деген сұрағына депутат:

"Біздің ел Штрафстан емес. Біз өркениетті мемлекетпіз", – деп жауап берген.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстанды "Штрафстан" дейтіндерге жауап берді.

"Кейбір елімізді жақтырмайтын, менсінбейтін кісілер, өкінішке қарай, солардың ішінде Парламент депутаттары бар, құқықтық әрекеттерімізді "Штрафстан", "Айыппұлстан" деп атайды екен. Мейлі, өз ойларының келтелігін көрсете берсін. Ал халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік керек. Сондықтан біз осы жолдан таймаймыз, батыл түрде "Заң мен тәртіп" саясатын жүргіземіз", - деді Президент.