Тоқаев "Штрафстан" дейтіндерге жауап берді

Тоқаев "Штрафстан" дейтіндерге жауап берді
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөз сөйледі, деп хабарлайды dalanews.kz.

Президенттің айтуынша, заң мен тәртіпке құрметпен қарау - ең алдымен жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән айрықша болмыс.

"Адамдардың туристік нысандар мен табиғат аясындағы тәртібіне айрықша назар аудару маңызды. Тәртіп бұзушыларды, яғни вандалдарды заңға сәйкес жауапқа тарту қажет. Бір сөзбен, құқықтық нигилизмге қоғам болып қарсы тұруымыз керек.   Заң мен тәртіпке құрметпен қарау дегеніміз – жазадан қорқу емес, бұл – ең алдымен жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән айрықша болмыс. Осы маңызды дүниені дұрыс түсінген жөн", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, қазіргі бұлыңғыр, әскери қақтығысқа толы заманда елімізге татулық пен тұрақтылық ауадай қажет. Онсыз ешқандай реформа, жалпы оң өзгеріс болмайды.

"Сондықтан құқық қорғау мекемелері заң бұзушылықтарға қатаң шаралар мен жазаларды қолдануы керек. Кейбір елімізді жақтырмайтын, менсінбейтін кісілер, өкінішке қарай, солардың ішінде Парламент депутаттары бар, құқықтық әрекеттерімізді "Штрафстан", "Айыппұлстан" деп атайды екен. Мейлі, өз ойларының келтелігін көрсете берсін. Ал халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік керек. Сондықтан біз осы жолдан таймаймыз, батыл түрде "Заң мен тәртіп" саясатын жүргіземіз. Себебі бұл – халқымыздың талабы, халқымыздың сұранысы. Бүкіл қоғам да, әкімдер де бұл мәселеге баса назар аударуы керек", - деді Президент.