Қазақстанда стоматологиялық клиникаларды ауқымды тексеру нәтижесінде 104 медициналық мекеме лицензияларын өз еркімен тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тағы 38 стоматологиялық ұйымға қатысты материалдар сотқа жолданған.
Тексеру жұмыстары 2025 жылдың желтоқсанында басталды. Бұған ата-аналардың балаларға жалпы наркозбен ем жүргізуге қатысты шағымдары себеп болған. Осы уақытқа дейін ел бойынша 500 стоматологиялық клиника тексерілді.
Қатаң бақылау шараларын енгізуге 2024 жылы Астанада болған қайғылы жағдай түрткі болды. Сол кезде стоматологиялық процедура кезінде жалпы наркоз алған үш жасар қыз көз жұмған еді.
Тексеру барысында лицензиялық талаптарды бұзу, қажетті рұқсат құжаттарының болмауы және пациенттердің қауіпсіздігіне қатысты заңбұзушылықтар анықталған.
Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдар тексеру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын және медициналық қызметтердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылатынын мәлімдеді.