СҚО жарты триллион теңге инвестиция тартты

Ақтоты Жапатова 28 нау. 2025 15:49 1234

СҚО әкімдігінің отырысында инвестициялар тарту мәселесі қаралды. Өткен жылы өңір экономикасына 556 миллиард теңге инвестиция тартылды, оның 420 миллиард теңгесі жеке инвесторлардың қаражаты, деп хабарлайды Dalanews.kz 

Биыл инвестиция тартуда басты назар өңдеуші өнеркәсіп саласындағы жобаларды іске асыруға аударылады. 87 миллиард теңге көлемінде 11 жаңа жобаны іске қосу жоспарлануда, бұл 1,1 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Олардың арасында кондитерлік өнімдер өндіретін зауыт, көтеру-тасымалдау жабдықтары мен көпір крандарын шығаратын зауыт, сондай-ақ ағаш өңдеу кәсіпорнын салу бар.

Ауыл шаруашылығында 72 миллиард теңге көлемінде 35 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл – сүт фермалары, суару жобалары, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу және басқа да маңызды бағыттар.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі Гауез Нұрмұхамбетов өңірдің инвестициялық әлеуетін толыққанды ашу үшін қажетті шараларды қабылдауды, негізгі салаларға бағытталған инвесторларды тарту бойынша кешенді стратегиялық жоспар әзірлеуді және қолдау шаралары бар перспективалы инвестициялық жобалар тізімін құруды тапсырды. Өңір басшысы аудан әкімдерін инвесторларды тарту бойынша жұмысты жүйелі түрде жүргізу керектігін атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар