ШҚО-дағы экономикалық қылмыстар: мемлекетке 2,1 млрд теңге өндірілді

ШҚО-дағы экономикалық қылмыстар: мемлекетке 2,1 млрд теңге өндірілді
pixabay.com

2026 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысында экономикалық қылмыстарды тергеу аясында мемлекетке келтірілген 2,1 млрд теңге шығын өтелді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Тимур Мұқановтың айтуынша, күдіктілердің мүлкі мен ақшалай қаражатына да тыйым салынған. 

Оның сөзінше, өңірдегі ең резонансты істердің бірі Өскемен әуежайының бұрынғы басшылығына қатысты болған. Тергеу мәліметінше, бірнеше жыл бойы кәсіпорын қаржысы жалған жалақы мен сыйақы есептеу, жалған келісімшарттар жасау және мүлікті төмен бағамен сату арқылы шығарылып отырған. Сот айыпталушыларды қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану, мүлікті жымқыру және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру бойынша кінәлі деп таныды. Мемлекетке келтірілген шығын 157 млн теңгені құрап, сотталғандарға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 

Сондай-ақ өңірде жалған құжаттар арқылы 374 млн теңге мемлекеттік субсидия алған шаруа қожалығының басшысы сотталған. Бұдан бөлек, «Таза Өскемен» коммуналдық кәсіпорнының бұрынғы басшылығына қатысты іс бойынша бюджет қаражатын жалған құжаттар арқылы аффилиирленген компанияларға аудару фактілері анықталған. Бұл іс бойынша мемлекетке 61,2 млн теңге шығын келтірілген. 

Бұдан өзге, өңірде заңсыз алтын өндіру, контрафактілі алкоголь өндіру және мемлекеттік сатып алулардағы бюджет қаражатын жымқыруға қатысты бірқатар қылмыстық іс тергеліп жатыр.