СҚО-да су тасқынының үшінші толқыны өтіп жатыр

Ақтоты Жапатова 28 сәу. 2025 11:34 272

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынының үшінші толқыны өтіп жатыр,– деп хабарлайды Dalanews.kz 

Қызылжар ауданының Тепличное ауылында қорғаныс бөгетін нығайту жұмыстары үшінші күн бойы тоқтаусыз жүргізілуде. Жұмыстар тәулік бойы атқарылып жатыр. Бұл іске 1600 адам мен жүзден аса техника жұмылдырылған. Аймақтағы жағдай облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жеке бақылауында. 

Нысанда әскерилер, құтқарушылар, кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, еріктілер аянбай еңбек етуде. Сонымен қатар, көмекке Ақмола, Қостанай облыстары мен Астанадан құтқарушылар келген.

Тепличное ауылында 700 адам тұрады. Уақытылы эвакуация жүргізілді, Бескөл мен Петропавлда эвакуациялық бекеттер ашылды.

Өңірдегі су тасқыны жағдайы тәулік бойы бақылауда. Су тасқынының шарықтау шегі 28-30 сәуір күндері күтілуде.

"Үш күннен бері тәулік бойы жұмыс істеп жатырмыз. Тепличныйдағы қорғаныс бөгетін нығайту барысы жеке  бақылауымда. Кеше 30 мың қадам жүріп өттім, бүгін де осынша қашықтықты еңсердім. Басты міндет — елді мекеннің толық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Барлық қауіп жойылғанға дейін жұмысты жалғастыра береміз", - деп жазды өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желіде. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар