Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы өрескел бұзу фактілерін анықтады. Жергілікті шенеуніктер 1,7 млрд теңгеге заңсыз балабақша салмақ болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
8 ақпанда облыстық прокуратура бюджеттен бөлінген қаржыға талдау жасады. Осы тұста департамент қызметкерлері бірқатар өрескел заң бұзушылықты анықтады. Нақтырақ айтсақ, облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының лауазымды тұлғалары заңсыз түрде 1,7 миллиард теңгеге балабақша салуды көздеген. Алайда олардың рұқсат берілген құжаты болмаған.
Солтүстік Қазақстан облысында осыған ұқсас оқиғалар жиілеп кеткен. Мәселен, облыстың тағы екі ауданында жергілікті әкімдіктер 107 миллион теңгеге мемлекеттік сатып алуды конкурс шарттарына сүйенбей өткізбек болған. Тағы үш ауданда жергілікті шенеуніктер 148 миллион теңгеге арнайы сапа сертификаты көрсетілмеген спорт алаңдарын сатып алмақ болған.
Бұған дейін Антикор Қазақстанның түрлі ведомстволарындағы мемлекеттік сатып алулар кезінде орын алған заң бұзушылықтарға түсініктеме берген болатын.