Freedom Inside '26

СҚО-да 15 жыл қараусыз қалған су мұнарасы қатты желден құлады

СҚО-да 15 жыл қараусыз қалған су мұнарасы қатты желден құлады
Фото: видеодан скриншот

Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданында қатты жел апатты жағдайда тұрған су мұнарасын құлатты. Еңбек ауылының тұрғындары бұл нысанды жөндеуді жылдар бойы сұрап келгенін айтады. Абырой болғанда, оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды dalanews.kz.

Halyqstan басылымына ауыл тұрғындары 15 жыл бұрын салынған су мұнарасы әбден тозғанын жеткізген. Сөздерінше, былтырдан бері ол мүлдем жұмыс істемей, қараусыз қалған қауіпті нысанға айналған. Жергілікті жұрт бірнеше рет дабыл қағып, құзырлы органдарға шағымданғанымен, мәселе шешімін таппаған.

Ақыры қауіпті нысанның тағдырын табиғат шешті. Күндіз қатты соққан желдің салдарынан көп тонналық құрылым жерге құлаған.

Қазір ауыл тұрғындары сусыз қалған жоқ. Аудан әкімдігінің мәліметінше, ауызсу Есіл – Явленка магистральді су құбыры арқылы тікелей беріліп жатыр.

“Есіл ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылында жергілікті атқарушы органның балансында тұрған апатты су мұнарасының құлағаны рас. Оқиға түскі уақытта ауа райының күрт бұзылып, бүйірден соққан қатты желдің салдарынан болған. Қазіргі таңда тұрғындарға ауызсу беру тоқтаған жоқ, жүйе штаттық режимде жұмыс істеп тұр”, - деп хабарлады аудан әкімдігі.

Дегенмен аптап ыстықта болған мұндай жағдай тұрғындарды алаңдатып отыр.