Спорт министрі спортшылардың діншілдігіне көзқарасы туралы айтты

Көркем Алдабергенова 14 қаң. 2025 16:05 454

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов "спортшылардың діншілдігіне көзқарасыңыз қандай" деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz Ұлысмедиаға сілтеп. 

Үкімет отырысынан кейін журналистердің бірі министрден “Олимпиада болсын, чемпионат болсын спортшылар жеңсе де, жеңілмесе де, Алланың қалауымен жеңдім немесе жеңілдім деп жатады, спортшылардың діншілдігіне байланысты үлкен бір теріс көзқарастар айтылады, олардың дін мәселесін көбірек айтуы дұрыс емес дейді. Спортшылардың діншілдігіне көзқарасыңыз қандай?” деп сұрады.

Ербол Мырзабосынов бұл сұраққа берген жауабында дін мәселесі бойынша арнайы жол картасы әзірленгенін, сол бойынша жұмыс атқарылып жатқанын айтты. 

Бүгінгі таңда арнайы ұйымдардан мамандарды тартып, спортшылармен де жүйелі жұмыс атқарып жатырмыз. Әр федерация бұған жауапты. Өзінің құрамасымен жұмыс атқарады. Қазір жол картасы аясында дін мәселесі бойынша жұмысты атқарып жатырмыз, – дейді министр.

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев бұған дейін мәжіліс қарауында жатқан Спорт туралы заң жобасына терроризм мен эктремизмге қарсы нормалар енгізілгенін мәлім еткен еді. Аталған мәселе мәжілісте спорт мәселесі талқыланған кезде көтерілген. Депутат Жигули Дайрабаев кейбір спортшылардың сақалының өсіп кеткенін сынға алған. Ол дінге берілсе, «олар мешітке барып намаз оқысын» деп те өткір айтты.

Оның бұл сынына Серік Жарасбаев жауап берді.

Қазіргі таңда көптеген спорт түрлерінде өзіңіз айтып отырғандай, діннің қате ағымына кетіп қалған спортшыларымыз бар, өкінішке қарай. Оны білеміз, тізімі бар. Спорт туралы заң жобасына терроризм мен эктремизмге қарсы нормаларды енгізіп отырмыз. Оны депутаттар қолдады», – деді Жарасбаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар