Салауатты өмір салтын ұстану мен бұқаралық спортты одан әрі дамытуға арналған шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, мерекелік құттықтауын жеткізді.
Көп жылдан бері мұқтаж отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созып, бүгінде өз ісін дөңгелетіп отырған іскер әйелдер мен отбасылық құндылықтарды сақтауда көпшілікке үлгі болып отырған көп балалы аналар және қыз-келіншектерден құралған «Бақ-нұры» іскер әйелдер қоғамдық бірлестігінің алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар биыл ауданда спорт саласы бойынша атқарылатын жоспарларымен бөлісті.
Аудандық мәслихат депутаты Рабиға Отыншиева, «Бақ-Нұры» іскер әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нұржамал Майусова салауатты өмір салтын ұстану мақсатында ұйымдастырылған марафон қатысушыларына сәттілік тілеп, ізгі тілектерін арнады.
Айта кетейік, айтулы мереке қарсаңында ұйымдастырылған марафонға әр түрлі қоғамдық іс-шаралардан бөлек, қайырымдылық істерімен үнемі айналысып отыратын, ауданда түрлі салада қызмет етіп жүрген 150-ге жуық қыз-келіншек қатысты.