Созақ ауданына соңғы бес жылда алғаш рет 1,3 млрд текше метр су келді

Ақтоты Жапатова 10 сәу. 2025 09:27 362

Түркістан облысы Созақ ауданына соңғы 5 жылда алғаш рет 1 млрд 380 млн текше метр су келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 300 млн текше метрге көп. Ең алдымен, Тасөткел су қоймасы жөнделіп, сыйымдылығы 450 млн текше метрден 620 млн текше метрге дейін ұлғайтылды. Бұл Созақ ауданына қосымша 200 млн текше метр су жіберуге мүмкіндік береді. Бұл жөнінде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов аудан тұрғындарымен өткен кездесуде айтып өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz
 
Сондай-ақ аймақты сумен қамту бағытындағы атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоспарларын бөлісті.
«Біздің министрлік Созақ ауданына тұрақты түрде су жіберуге ниетті. Ол үшін бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Биыл Шу өзенінің суын сауатты бөлу мен реттеудің нәтижесінде Созақ ауданына су әдеттегіден 1 айға ерте келді. Қазірдің өзінде өткен жылдан 300 млн текше метрге артық су жібердік. Біз бұнымен тоқтамаймыз. Мамыр айына дейін секундына 85 текше метрден су жіберуді жоспарлап отырмыз», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Жуантөбе ауылы аумағында өткен жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және су шаруашылығы мамандары қатысты.
 
Жиында «Фурманов» каналының жай-күйі де сөз болды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков 120 шақырымдық айналма каналдың құрылымын қалпына келтіру, тазарту және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүріп жатқандығын мәлімдеді. Бұл мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында екенін және аталған жұмыс шілде айында басталатындығын да атап өтті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар