Бұл туралы тәртіп сақшылары «ZOOM» бейнеплатформасы арқылы өткен медициналық мекемелердің арнайы жиналысы кезінде хабарлады.
– Тұрақты негізде интернет-ресурстарға және бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг жүргізілуде, медициналық анықтамаларды қолдан жасау фактілерін анықтау бойынша жедел шаралар қабылдануда.
Еске салайық, жақында азаматтарды Сауд Арабиясы Корольдігіне жіберу үшін 140-тан астам жалған вакцинация төлқұжатын жасаумен айналысқан туристік компания анықталды.
Сонымен қатар, тергеу сатысында №21, №4, №16 және №13 қалалық емханалардың жалпы тәжірибе дәрігерлеріне қатысты қылмыстық істер қаралып жатыр.
Олар кірген азаматтарға вакцинацияны салмай-ақ, дозаның бірінші компонентін қабылдау туралы жалған деректерді базаға енгізген немесе вакцинация бөлмесінде бейнебақылау камерасы болса, олар екпені алғандай етіп көрсетіп екпе салынған орынды пластырмен жабыстырған.
Бұл қызметтердің барлығы ақшалай сыйақы үшін ұсынылғандығы анық, – дейді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков.
Сонымен қатар, спикер жалған құжат жасағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар екенін, ал оны қолданған адам 40 тәулікке қамауға алынатынын еске салды.
Сондай-ақ, жоғарыда аталған азаматтардың әрекетінде «қызметтік жалғандық» белгілері бар, яғни, жалған ақпаратты ресми құжаттарға енгізу.
– Құрметті медицина қызметкерлері, өзіңізді қылмыстық іске тартуға жол бермеңіз және отбасыңыз бен жақындарыңызды осыдан қорғаңыз, – деп қорытындылады Алмасбеков.