Соттағы жеңіліс Мамайға сабақ болды – Байбектің адвокаты

Dalanews 17 там. 2021 09:24 759

Бауыржан Байбек ашық және жария өткен сот отырысында өзінің кінәсіз екенін заң жүзінде толық дәлелдеді.

Бұл туралы Байбектің өкілі Айжан Тәшенова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Кеше Алматы қаласы сотының апелляциясы Әуезов аудандық №2 сотының Байбектің ар-намысын, абыройын және іскерлік беделін қорғау жөнінде Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қарсы берген талап-арызы бойынша шешімін өз күшінде қалдырды. 

«Жария түрде жала жапқаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесі бойынша құқықтық прецедент жасалды. Кінәлілер өздерінің заңсыз әрекеттері үшін лайықты жазаға тартылды. Жалаң ұранды жамылып, басқаларды негізсіз кінәлауға ешкімге де жол берілмейді.

«Жаңа медианың» өмірімізге жан-жақты ықпалын ескерсек, жеке адамның, отбасының, балалары мен туыстарының құқықтары мен мүдделерін қозғайтын және қорлайтын жала жабу әркімнің де басына түсуі мүмкін», – деп жазды заңгер Айжан Тәшенова өзінің Facebook парақшасында.

Сонымен қатар, ол бұл процесстің қоғамда құқықтық мәдениетті арттыруға, өз сөздері мен іс-әрекеттері үшін жауапкершілікті арттыруға жасалған елеулі қадам екенін айтты. 


Осылайша, жай ғана посттар, БАҚ пен аноним телеграм-каналдарда жарияланған хабарламалар, сондай-ақ іске мүлде қатысы жоқ түсініксіз анықтамалар мен құжаттарды жинап алып келген Мамай мен оның сыбайластары жеңіліс тапты. Сот логика мен фактілерге толы құжаттар, сараптамалық материалдар, заңның нақты тармақтарына сілтемелер келтірілген талапкер тарапының талабын дұрыс деп шешті. Кешегі күннен бастап сот шешімі күшіне енген.

Естеріңізге салсақ, бірінші сот отырысында Жанболат Мамай мен Инга Иманбай жеңіліп, Бауыржан Байбек туралы бейнероликтерін өшіруге міндеттелген еді. Сондай-ақ, олар жалпы сомасы 800 мың теңгеден асатын сот шығынын өтеуі тиіс. Бұл соманы талапкерлер осыған дейін аутизмі бар балаларға қайырымдылық көмек ретінде жолдайтынын хабарлаған еді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар