“Сот – халық үшін әділет ордасы болуы керек”. Зейнеттегі судья Президентке үндеу жасады

Қаракөз Амантай 04 мау. 2025 09:55

Теміртау қаласында бұрын судья болып еңбек еткен зейнеткер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық үндеу жасады. Ол өз сөзінде әділет іздеп талай жылдан бері сот табалдырығын тоздырғанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Экс-судьяның видеосы "Письма Президенту" телеграм арнасында жарияланды. 

“1999 жылға дейін халық сотында қызмет атқардым. Сот дегеніміз – халық үшін әділет ордасы болуы керек. Бірақ қазіргі жағдай мүлде керісінше: әділет емес, әділетсіздік жиі орын алып жатыр”, – дейді бұрынғы судья.

Оның айтуынша, 1997 жылы оның атынан жалған сенімхат рәсімделіп, жалғыз баспанасы заңсыз түрде үшінші тұлғаларға берілген. Алайда азаматша ешқандай сенімхат бермегенін, қол қоймағанын айтып, бұл әрекетті заңсыз деп есептейді.

“Сотқа шағымданып, қолтаңбамды сараптамадан өткізуді сұрадым. Сот мұрағатынан менің бұрынғы қолтаңбаларымды алып, салыстыруды талап еттім. Бірақ сот менің өтінішімді қанағаттандырмай, ‘құжаттар сақталмаған’ деп жауап берді. Ал заң бойынша мұндай құжаттар тұрақты түрде сақталуы керек еді”, – дейді ол.

Зейнеткер Президенттен “еститін мемлекет” тұжырымдамасына сай нақты әрекет жасауды талап етті.

“Сіз әділетті Қазақстан құрамыз дедіңіз. Ендеше, сот жүйесінде де әділдік орнасын. Заң үстемдігі мен соттың тәуелсіздігі – халықтың мемлекетке деген сенімінің негізі. Сол сенімді қайтарыңыз”, – деп түйіндеді ол өз үндеуін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар