"Сорбұлақтың жартысын тексеріп шықтық". Вице-министр жоғалған тікұшақ туралы айтты

Сағыныш Сардарова 07 там. 2025 11:50

Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев Алматы облысында жоғалып кеткен әскери тікұшақ туралы айтты,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Сорбұлақ аумағының шамамен 50 пайызын тексердік. Барлық іздеу жұмысы Қорғаныс министрлігінің басшылығымен жүргізіліп жатыр. Біз өз күшіміз бен ресурстарымызды ұсындық. Іздеу жұмыстары таңнан күн батқанға дейін жалғасып жатыр. Сорбұлақтағы судың тереңдігі 5-тен 25 метрге дейін жетеді. Түбі батпақ. Тіпті бір метр тереңдікте ештеңе көрінбейді", - деп түсіндірді ТЖМ өкілі.

Еске салайық, бұған дейін қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Әуе қорғанысы күштерінің жоғалған EC-145 тікұшағын іздеу жұмыстарымен танысты.

Дәурен Қосанов жоғалған ұшқыштардың туыстарымен кездесті. Министр оларға қолдау білдіріп, операция тәулік бойы жалғасатынын, барлық ресурс жұмылдырылғанын және әскерилер жолдастарын табу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтты.

Іздестіру операциясына 400-ден аса адам, кинологиялық топтар, 70-тен аса жерүсті техникасы, 21 жүзу құралы, 10 ҰҰА, эхолоттар, суасты сканерлеу құралдары жұмылдырылған.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар