Биыл біртуар қаламгер, қазақ және балалар әдебиетінің ұлы классигі, қара сөздің қамбасы жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына - 100 жыл толып отыр. Балалар әдебиетінің озық өкілінің мерейтойы жер жерде аталып өтуде. Ең басты той қаламгердің мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеген болатын.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қаламгердің 100 жылдығы тойлана бастады. Бердібек Соқпақбаевтың туған ауылы Нарынқолда еңселі ескерткіші бой көтереді. Сондай-ақ жазушының есімі бірқатар саябаққа, білім ошағы мен облыстық кітапханаға беріледі", — деп жазылған хабарламада.
Бердібек Соқпақбаевтың артында балалар мен жасөспірімдерге арналған жиырмадан артық әңгіме және повесть, роман қалды. Айталық, "Менің атым — Қожа" мен "Балалық шаққа саяхат" және "Өлгендер қайтып келмейді" қатарлы шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қазынасына енген жауһарлар.
Жазушының мерейтойы өзі туған топырақта басталып, Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында қаламгердің жүз жылдығына арналған мәдени шараның шымылдығы түрілді.
Бердібек Соқпақбаев есімі еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін таныс. Олай болатын себебі «Менің атым – Қожа» фильмін көрген көрермендердің алды алпысты алқымдаған ақсақал. Бұл фильм күні бүгінге дейін өз көрермендерін жоғалтпаған, қазақ кино өнерінің алтын арқауы.
Әкесінің мерейтойы туралы толғанысын жасыра алмаған Самал Соқпақбаева "Биыл әкемнің мерейтойы. Әкемді және Соқпақбаев еңбектерін еске алып, бағалап, үлкен мереке, іс шара өткізу – ең бастысы, біздің өсіп келе жатқан ұрпақтарымыз бен балаларымыз үшін маңызды деп ойлаймын. Менің әкем қаншама шығармалар жазды, қаншама қызықты әңгімелері бар, кітаптары бар. Туындыларының бәрі әкемнің өз өмірінен алынған. Қаламгер бірде бір әңгімесін ойынан шығарып жазған жоқ. Ол оқу білімге, кітапқа қатты құштар болды" - деп, ағынан жарылды.
Соқпақбаев шығармашылығының ең басты ерекшелігі – ол өзі өмір сүрген уақытты жазды, заманның шынайы бет бейнесін, келбетін суреттеді. Әдебиет сыншылары да оның ешқашан өтірік жазбағанын, бұра тартпағанын, шығармашылығы тек қана шындыққа құрылғанын, сонысымен, балалардың сүйікті қаламгері болғанын айтады. Бала өтірік жазғанды, әсіре суреттеуді жақсы көрмейді. Жазушы өмірінің соңғы 28 жылында қолына қалам алмай кеткен, себебі өтірік жазғысы келмеген.
Бұл туралы қаламгердің қызы Самал Бердібекқызы "Әкем маған "Мен өтірік жаза алмаймын. Маған өтірік жаз дейді. Мен олай жаза алмаймын. Сондықтан жазуды қойып кеттім", дейтін" - деді бір сөзінде.
Жазушы тойы биыл ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді. Оның өзіндік себебі де бар. Бұл қаламгер қуатының айқын көрінісі. Бұл туралы ақын, мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан былай дейді: "Халықаралық деңгейде Түркі мемлекеттерінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығымен таныс аудитория бар. Шетелдің әдеби сыншылары бар. Сол халықаралық деңгейде де біздің әдебиет үшін ұлт руханияты үшін үлкен бір оқиға. Әлі де біздің қоғамдық өмірімізге қатысты дүниелерді Соқпақбаевтың шығармаларынан табуға болады".
Ал Қазақстарн жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов болса, "Менің атым - Қожа" ерекше бала, Селенджердің кітабы сияқты кітап деген ой айтты. Биыл Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен әдебиет бәйтерегінің ғасыр тойы – жүз жылдығы жыл басынан бері жоғары деңгейде тойлана бастады. Жоспар бойынша, қаламгердің кіндік қаны тамған Нарынқолда Соқпақбаев есімі берілетін саябақта еңселі ескерткіш бой көтеретін болады. Сонымен бірге, қаламгердің атымен аталатын білім ошақтары, облыстық кітапхана, бірқатар саябақ бой көтереді.