Солтүстік және шығыс өңірлерінде жылу қашан беріледі?

Солтүстік және шығыс өңірлерінде жылу қашан беріледі?
pixabay.com

Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерінде жылыту маусымын ауа райына қарай 1 қазанға дейін бастау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Dala News.

Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

«14 қыркүйектен бастап Павлодар облысында жылыту маусымы басталды. Бұл жұмыстарды Солтүстік және шығыс өңірлерде ауа райының көрсеткіштеріне қарай 1 қазанға дейін бастау күтілуде», – деді министр.

Энергия көздерінде жылыту маусымын бастауға қажетті отын қоры қалыптастырылған. Қазір 4,9 млн тонна көмір және 127 мың тонна мазут бар.

Сонымен қатар 4 энергия блогында, 30 қазандықта және 19 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталған. 17 мың шақырым электр беру желілерін жөндеу толық орындалған.

Жылу желілерін дайындау жұмыстарының жалпы деңгейі 97 пайызға жетті. Жоспарланған 377 шақырымның 366 шақырымы дайын.

Үкіметтің ерекше бақылауында Ұлытау және Абай облыстарындағы, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарындағы жылу беру нысандары тұр.

Сәтбаев қаласында жылу магистралін жаңғырту аяқталған. Қазір желіні тазалау және қысыммен сынау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Петропавл қаласының жылу магистральдарының дайындығы 95 пайызды құрайды. Жұмыстарды осы аптаның соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Степногорск қаласында жылу желілерінің дайындығы 76 пайызға жетті. Жұмыстарды 25 қыркүйекке дейін аяқтау көзделіп отыр.

Семей қаласында үш жоба бойынша жұмыстардың орындалуы 70 пайызды құрайды. Қажетті сутартқыш құрылғылар мен жылу алмастырғыштарды 26 қыркүйекте жеткізу жоспарланған.