Соғыс аймақтарында ауруханаларға жасалатын шабуылдар неге жазасыз қалып жатыр?

Соғыс аймақтарында ауруханаларға жасалатын шабуылдар неге жазасыз қалып жатыр?
pixabay.com

Украина, Газа, Ливан, Судан және Мьянмадағы ауруханалар мен медицина қызметкерлеріне жасалатын шабуылдар халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын күшейтіп отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

The Guardian басылымының талдауынша, соңғы жылдары қарулы қақтығыстарда ауруханалар, жедел жәрдем көліктері мен медицина қызметкерлері бұрынғыдан жиі нысанаға айналып келеді. Сарапшылар мұны халықаралық гуманитарлық құқықтың әлсіреуімен және жауапкершіліктің жеткіліксіздігімен байланыстырады. 

1949 жылғы Женева конвенциялары бойынша ауруханалар, медициналық мекемелер, дәрігерлер, науқастар және жедел жәрдем көліктері ерекше қорғауға ие. Алайда халықаралық құқық нормаларына қарамастан, оларды қорғау іс жүзінде жиі қамтамасыз етілмей отыр. 

Зерттеулерге сәйкес, 2024 жылы әлемнің 33 елінде денсаулық сақтау нысандарына 2 500-ден астам шабуыл тіркелген. Ең көп оқиғалар Украина, Газа, Ливан және Суданда болған. Мұндай шабуылдар медициналық көмектің тоқтауына, ауруханалардың жабылуына және бейбіт тұрғындардың өлім-жітімінің артуына әкеліп соққан. 

Әсіресе Ливанда медицина қызметкерлеріне жасалған қайталама соққылар халықаралық ұйымдардың алаңдаушылығын туғызды. Құтқарушылар алғашқы жарылыстан кейін көмекке келген кезде тағы бір соққы жасалатын жағдайлар тіркелген. Израиль мұндай операцияларды қарулы топтардың медициналық көліктерді пайдалануы туралы мәлімдемелермен түсіндірсе, бірқатар құқық қорғау ұйымдары бұл айыптауларды дәлелденбеген деп бағалайды. 

Сарапшылардың айтуынша, мәселе халықаралық құқықтың жоқтығында емес, оны орындауға саяси ерік-жігердің жетіспеуінде. Соның салдарынан халықаралық құқықта қорғалатын нысандарға шабуыл жасағандар көп жағдайда жауапкершілікке тартылмайды.