Қазақстанда Smart Cargo цифрлық платформасының арқасында шекарадан өту уақыты 4 сағаттан 30 минутқа дейін қысқаруы мүмкін, деп хабарлайды Dala News.
Бұл туралы Үкімет отырысында Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, көлік логистика саласына жасанды интеллект енгізу процестерді жеңілдетуге, шығындарды азайтуға және елдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған. Негізгі құралдардың бірі Smart Cargo платформасы болды.
Жүйе QR кодтар арқылы жүк туралы деректерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді, құжаттарды автоматты тексереді, маршруттарды құрады және қажетті рұқсаттарды анықтайды. Нәтижесінде шекарадан өту уақыты айтарлықтай қысқарады.
Теміржол саласында да цифрландыру жүріп жатыр. Соның бірі KinetiX жүйесі. Бұрын вагондарды тексеру 2 сағатқа дейін уақыт алса, қазір ол 8 минутқа дейін қысқарған. Жүйе нақты уақыт режимінде 9 параметр бойынша диагностика жүргізіп, ақауларды автоматты анықтайды және болжайды.
Автокөлік саласында да интеллектуалды бақылау енгізілуде. Жасанды интеллект маршруттарды талдап, салмақ өлшеу стансаларымен деректерді салыстырады және заңбұзушылықтарды автоматты түрде анықтайды. Бұл жолдардың тозуын азайтуға мүмкіндік береді.
«Бірыңғай интеллектуалды көлік жүйесі Е-Көлік қалыптасуда. Платформа QazTech базасында құрылады және барлық көлік түрлерін біріктіреді. Бұл деректерді жинауға, өңдеуге, көлік ағындарын болжауға және шешімдерді автоматты түрде қабылдауға мүмкіндік береді», – деді министр.
Оның айтуынша, көлік саласы деректердің ең ірі генераторларының бірі болғандықтан, жасанды интеллект оларды өңдеудің негізгі құралына айналады. Ал Е-Көлік жүйесі саланы алдын ала басқаруға мүмкіндік береді.
