СК-Фармацияның экс-басшысы Берік Шәріп ақталып шықты

Dalanews 04 там. 2021 10:44 735

СК-Фармацияның бұрынғы басшысы сотта ақталып шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық сотының судьясы Қанат Дүйсембиев "СК-Фармация" ЖШС-нің бұрынғы басшысы Берік Шәріпке қатысты үкім шығарды.

- Берік Шәріп 287 баптың 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынсын. Берік Шәріп ҚР Қылмыстық кодексінің 361 бабының 4 бөлігінің 3-ші тармағы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кінәлі емес деп танылды және оның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауы себепті ақталды.

ҚР Қылмыстық кодексінің 62 бабының 3 бөлігінің 4-тармағына сәйкес, айыппұл түріндегі жаза мерзімі, 2020 жылдың 12 тамызынан бастап 2021 жылдың 4 тамызына дейінгі қамауда ұстау мерзімі 1 тәулігі үшін 4 АЕК ретінде белгіленіп, айыппұл түрінде есептелсін.

Берік Шәріпке тағайындалған жаза өтелді деп есептеледі және ол сот отырысында қамаудан босатылсын.


Ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылсын. Ақталғанның қылмыстық жауапқа тартылуы арқылы келтірілген зиянды заңмен өтеу құқығы мойындалсын, - деді судья Қанат Дүйсембиев.

Берік Шәріпті 2020 жылдың 14 тамызында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері ұстап, Нұр-Сұлтан ПД-нің уақытша ұстау изоляторына қамады.

Ол 2020 жылдың 21 сәуірінен бастап тегін медициналық көмек көлемін қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмек пен медициналық заттарды сатып алу жөніндегі дистрибьюторлық компанияны басқарған.

2020 жылдың 10 шілдесінде ол ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін қызметінен босатылды.

СК-Фармацияның бұрынғы басшысының ісі "Қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану" және "Қару, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз алу, беру, сату, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бабы бойынша қаралды.

Атап айтқанда, ЖШС-тің бұрынғы басшысы 2020 жылдың сәуір-мамырында сапасыз қорғаныс костюмдерін сатып алып, дәрігерлердің жаппай инфекция жұқтыруына жол берді және қаруды заңсыз сақтады деп айыпталды.

Соңғы сөзінде Шәріп өзінің кінәсін мойындамайтынын қайталаған болатын

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар