І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен «Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының негізі ретінде мемлекеттік қызметшілердің ұйымдық мәдениетін арттыру: сын-тегеуріндер, проблемалар мен перспективалар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталмыш шараға Польша, Түркия, Өзбекстан және қазақстандық ғалымдар, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті және тағы басқа да күштік құрылымдардың басшылары қатысты.
Халықаралық конференцияны Басқарма Төрағасы - Ректор, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Бөрібаев ашып, министр С.Нұрбектің конференция қатысушыларына арнаған хатын оқып берді. Онда ведомство басшысы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес — тек заңнамалық шаралар ғана емес, сонымен қатар мәдениетті қалыптастыру мен ғылыми зерттеулерді ұштастыруды талап ететін кешенді міндет. Сапалы білім беру арқылы болашақ мамандарды адалдыққа, жауапкершілікке тәрбиелеп, жаңа ғылыми шешімдер мен әдіснамалық негіздерді әзірлеу сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларының тиімділігін арттырады»-дей келе конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Жиында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті басшысы, генерал-майор Саян Ахметжанов, облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Сарқытбай Құсаинов және облыстағы күштік құрылымдардың басшылары сыбайлас жемқорлықпен күрес және заң үстемдігі турасында баяндама жасады.

Конференцияға қатысқан жетекші ғалымдар, сарапшылар, тәжірибелі мамандар өз ойларын ортаға салып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекеттік қызметшілердің ұйымдық мәдениетін арттыруға қатысты тың идеяларын ұсынды.
Айта кетейік, бұл конференция ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Қазақстанның мемлекеттік қызметінің ұйымдастырушылық мәдениетін трансформациялау архитектоникасы» атты бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасының аясында ұйымдастырылып отыр.