ШҚО тұрғыны ядролық сынақ алаңында тұрғанын сотта дәлелдеді

Қаракөз Амантай 27 мау. 2025 09:44

Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауылының тұрғыны радиациялық қауіпті аймақта тұрғанын сотта дәлелдеп, уәкілетті органның әділетсіз шешімін жоққа шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Yk.kz мәліметінше, құзырлы мекеме оның өтінішін тиісті құжаттардың жоқтығына байланысты қанағаттандырмаған.

Алайда “Семей ядролық сынақ полигонында ядролық жарылыстардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы” Заңға сәйкес, 1966 жылдан 1990 жылға дейінгі аралықта аталған аумақта тұрып, жұмыс істеген немесе әскери қызмет атқарған (оның ішінде мерзімді) азаматтар зардап шеккен тұлғалар ретінде танылады. Оларға жеңілдіктер мен өтемақы алуға құқық беретін арнайы куәлік табысталады.

Шығыс Қазақстан облысы Глубоков ауданының соты бұл істі қарап, талапкердің 1990 жылдың ішінде Белоусовка ауылында сегіз ай тұрғанын растайтын жеткілікті дәлелдер бар деген шешімге келді. Бұл өңір ресми түрде радиациялық қауіпті аймаққа жатқызылады.

Сотта талапкердің анасының Белоусовка ауылында тұрғанын дәлелдейтін туу туралы куәлік, АХАЖ жазбалары, балалар үйінен алынған анықтама, сондай-ақ әпкесі мен ағасының куәліктері ұсынылды. Олар талапкердің туғанынан бастап балалар үйіне түскенге дейін ата-анасымен бірге осы ауылда тұрғанын растаған.

Нәтижесінде сот талапты қанағаттандырып, талапкердің 1990 жылы Семей ядролық сынақ полигонының әсеріне ұшыраған аймақта сегіз ай тұрған фактісін ресми түрде мойындады.

Аталған шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар